«Altay Invest - 2025» халықаралық инвестициялық форумында аймақтың әлеуеті таныстырылып, жергілікті және шетелдік кәсіпкерлер серіктестік орнату жолдарын талқылады. «Казцинк» компаниясы да бұл маңызды шарадан тыс қалмады. Бұл кәсіпорын үшін форумға қатысу – іскерлік байланыстарды нығайтуға, ел үшін зор үлес қосып келе жатқан сенімді серіктес ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындауға жол ашты. Жиынға ірі кәсіпорындармен бірге шағын және орта бизнес өкілдері де қатысты.

Көрме барысында қатысушылар кәсіпорынның жұмысымен жақынырақ танысты. Мұндай формат жергілікті бизнес пен шетелдік инвесторлар арасындағы сенімді арттырып, нақты әріптестік орнатуға жол ашады. «Казцинк» компаниясы облыстағы тұрақты салық түсімдерін қамтамасыз етіп қана қоймай, ондаған мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Жалпы, кәсіпорынның серіктестерімен бірге ел бойынша 200 мыңға жуық адам қызмет етеді. Бұл кәсіпорын – өңір экономикасының басты тіректерінің бірі. Қонақтар көрмеде ерекше қызығушылық танытқан экспонаттың бірі – «Казцинк» компаниясына тиесілі заманауи робот.

Жанат Жанботин, «Казцинк» ЖШС бас директоры:

Біздің аймақтың тарихы өндіріспен тікелей байланысты. Индустрия тарихы осыдан 3 ғасыр бұрын Риддерден бастау алған. Бүгінде сол тарих жалғасуда. Яғни, тау-кен және металлургия эконоимканың фундаменті болып қалды. Өз өндірісінде «Казцинк» компаниясы жұмыс орнымен қамтамасыз етіп ғана қоймай, жергілікті бизнеске де сұраныс жасайды.

Ауқымды шара аясында инвесторларға шығыстың экономикалық әлеуеті толық таныстырылды.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Форум өңірдің дамуына үлкен серпін береді. Өйткен,і біз Шығыс Қазақстанның ең әлеуетті, ең қызықты жобаларын ұсынып отырмыз. Сол себепті бұл алаңда жаңа серіктестік келісімдер мен жобалардың пайда боларына сенімдімін.

Форумға шетелдік қонақтар да келіп, ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Алаңға 20-дан астам шетелдік делегация жиналған.

Мустафа Капуджу, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Мен Шығыс Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Облыс әкімімен кездестім. Біз бұл форумда өңірдегі инвестициялық мүмкіндіктерді талқыладық. Кездесу аясында мұндағы перспективаларды бағамдадық. Алдағы уақытта Түркияның бизнес өкілдерімен бірге шығыс өңіріне сапарлап келуді жоспарлап отырмыз.

Компанияның бүгінде сегіз мыңға жуық серіктесі бар. «Казцинк» өкілдері бұл жиынның арқасында жаңа серіктестер қатары толығады деген сенімде.

Фатима Тілейханқызы, Яна Мумлева