Облыстық драма және оперетта театрының орыс труппасы 90 – маусымын үлкен премьерамен ашты. Театр сахнасында – Жан-Батист Мольердің мәңгілік классикасы «Тартюф» премьерасы сомдалды. Ғасырлар бойы өзектілігін жоймаған бұл шығарма адам бойындағы кереғар мінез-құлықтарды, яғни екіжүзділік, рухани әлсіздік секілді тақырыптарды тереңінен қозғайды.
Қойылымды сахналау үшін Мәскеудің «Современник» театрының режиссері Олег Плаксин арнайы шақырылған. Бұл – оның «Тартюфпен» алғашқы жұмысы. Режиссердің айтуынша, мақсат – бұрын сомдалған шығармаларды қайталамай, туындыға өз көзқарасын енгізу. Театр әріптестерімен бірге классикаға жаңа тыныс беру.
Олег Плаксин, Мәскеудегі «Современник» театрының режиссері:
Бұл пьесаны қою туралы шешім театр басшылығымен бірлесіп қабылданды. Осындай мүмкіндік үшін театр директоры мен көркемдік жетекші Андрей Васильевичке алғыс білдіремін. Мен алғаш рет «Тартюфті» сахналап отырмын. Классика - әрқашан қызық әрі күрделі. Ең бастысы — өзгені қайталамау, кейіпкерлерді жүрегіңмен түсініп, көрерменге жеткізу.
Театр әртістері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Спектакльге қала тұрғындарынан бөлек, халықаралық «Altay Invest» форумына келген қонақтар да қатысты. Екіжүзділіктің бетпердесін киіп, ізгілік бейнесінде Оргонның сеніміне кірген Тартюфтың оқиғасы Өскемен сахнасында жаңа қырынан танылды.
Марина Фреймундт, қала тұрғыны:
Осындай білікті режиссерлердің келіп, бірлесіп жұмыс істеуі бізді қуантады. Әртістердің талантты, жан-жақты екені көрініп тұр. Сахнада ән салып әрі би биледі. Әр қойылымның өз ерекшелігі бар. Бірде күліп, бірде көзімізге жас алып отырдық.
Бұл шығарманың арқасында Мәскеу мен Өскемен арасындағы шығармашылық байланыс беки түсті. Классиканы заманауи көзқараспен ұсынған қойылым көрермен жүрегінен ойып тұрып орын алды.
Фатима Тілейханқызы, Дильназ Мурзагалиева