27 қыркүйек Дүниежүзілік туризм күні. Айтулы мерекеге орай облыс орталығында ауқымды фестиваль ұйымдастырылды. Шара аясында Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов туризм саласын дамытуға үлес қосқан мамандарды марапаттады.
Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов «Altai Invest» жобасына арнайы келген делегация мүшелерімен сол жағалау саябағына барды. Әуелі бақ ішіне көшет отырғызып, содан кейін түрлі халықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін Этноауылды аралады. Жергілікті тауар өндірушілердің өнімі қойылған көрмені тамашалады.
Сымбат Рамазанов, Облыстық кәсіпкерлер палатасының туризм кеңесінің төрағасы:
Турист деген халықаралық деңгейдегі фестиваль ұйымдастырылып жатыр. Негізгі мақсат – ШҚО туристік әлеуетін насихаттау. Келген туристерге ақпарат беру. Өзіміздің әлеуетімізді паш ету. Яғни Шығысқазақстанға турист тарту. Қытайдан, Ресейден келген, Армения, Турция, Әзірбайжан, Моңғолиядан келген туристердің барлығы фестивальге қатысатын болады.
Қазақстанда ішкі және сыртқы туризм көрсеткіштері жылдан-жылға артып келеді. Еліміздің экотуризм, тау-шаңғы, мәдени-танымдық, медициналық, спорттық, іскерлік туризмінде әлеуеті зор.
Айгүл Ниғметова, Катонқарағай Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің экоағарту маманы:
Катонқарағай мемлекеттік паркі Қазақстандағы ең ірі ұлттық парк болып саналады. Аумағы 643 мың 477 гектарды құрайды. Бізде 14 туристік бағыт бар. Олар шамамен 1 сағаттан 3 сағатқа дейін сондай – ақ 5-6 күндік қиындығына қарай маршурттар бар. Былтырғы жылға қарағанда биыл Катонқарағайға екі есе көп туристер келді. Бұл шетелден де көп азаматтар келіп жатқандар бар.
Шетелдік қонақтар мерекенің деңгейіне жоғары баға берді. Қытайдан келген кәсіпкер аймаққа апта сайын турист әкелуді әдетке айналдырған. Ол құжат рәсімдеп, шекарадан өтуге көмектеседі.
Чынь Ян, Тур ұйымдастырушы (ҚХР):
Мен — Шыңжаңдағы халықаралық туристік компанияның қызметкерімін. Біз Қазақстан бағытында туризммен ұзақ уақыттан бері айналысып келеміз. Басты мақсатымыз – екі ел арасындағы достықты нығайту. Сонымен қатар, мұндағы халықтың Қытайға келіп, саяхаттап, мәдениетімізбен және өмір салтымызбен танысуларына ықпал еткіміз келеді.
Ал салтанатты шараның шымылдығын Нұрымбет Сақтағанов өз сөзімен ашты. Оның айтуынша, биыл облыста 800 шақырымнан астам жол жөнделеді. Катонқарағай мен Зайсан аудандарында әуежай салынып жатыр. Бұл қадамдар да өңірдегі туризм саласын дамыта түспек. Мерекеге орай аймақ басшысы Шығыс Қазақстандағы туризм саласын дамытуға үлес қосқан жандарға Құрмет грамоталарын табыстады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Әлемдік туризм күні барлығымызға құтты болсын. Біз жақсы білеміз туризмнің артында жолдар тұр, демалыс орындары тұр, жаңа жұмыс орындары тұр. Ең бастысы оның артында халықтың көпшіліктің денсаулығы тұр. Сондықтан туризм мәселесі әрдайым мемлекет басшысы президентіміз Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше бақылауда ұстайды. Тиісті тапсырмаларды береді. Өңірлерде сәйкесінше біз жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Гүлдана Айдарқызы