Облыс орталығында еңбек күніне орай «Enbekqor Оskemen» атты мерекелік жиын өтті. Шара барысында қала әкімі Алмат Ақышов еңбек адамдарының қоғамдағы маңызына тоқталып, олардың қаланың дамуына қосқан үлесін атап өтті. Ал, жастарға техникалық және кәсіптік білімнің маңызы түсіндірілді.
Өскемен әкімі Алмат Ақышов шараның шымылдығын ашып, еңбек адамдарының қоғамдағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, өндіріс, құрылыс, энергетика және коммуналдық салада адал еңбек етіп жүрген азаматтар - қашанда көпке үлгі.
Алмат Ақышов, Өскемен қаласының әкімі:
Біздің Өскеменді басқа қалалардан өзгеше ететіні нағыз еңбек адамдары, яғни сіздер. Қаламыздағы өндіріс орындарында құрылыс пен энергетика көлік ауылшаруашылық салаларында еңбек ететін мамандардың шеберлігі мен біліктілігі біздің әләуқатымыздың негізі.
Облыстық Кәсіптік білім беру орталығының директоры Гүлжан Елемесова «Колледждердегі жұмысшы мамандықтар - табысты мансапқа бастар жол» тақырыбында баяндама жасады. Ол жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бет бұруға шақырып, кәсіби білімнің артықшылықтарын атап өтті.
Гүлжан Елемесова, Облыстық кәсіптік білім беру орталығының директоры:
Биылғы жарияланған жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыс әкімінің жұмыс жоспары бекітілді. Түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Биыл осы жоспар аясында бізде 5 колледжде жаңа мамандықтар ашылды. Ол жаңағы әуе көлігі, су техникасы, пилотсыз ұшатын аппараттар, әуе көлігін тасымалдау бойынша жаңа мамандықтар ашылды. Биыл 200 ден астам студетті жаңа мамандықтар бойынша қабылдау жүргізілді.
Бұдан бөлек, «Казцинк» ЖШС зерттеу орталығының жетекші маманы Айдана Алпысова да компанияның негізгі бағыттары мен ғылыми-зерттеу жетістіктері жөнінде баяндама жасады.
Айдана Алпысова, «Казцинк» ЖШС зерттеу орталығының жетекші маманы:
Жұмысшы мамандығын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Еңбек жолымды зертханашы болып бастап, бүгінде ғылым мен өндірістің тоғысқан тұсында қызмет етіп жүрмін. Металлургия - жауапты да қиын, өте қызықты сала. Біз өндіретін металл - экономиканың тірегі, болашақтың кепілі. Сондықтан жастарды адал еңбек етіп, осы саланың дамуына үлес қосуға шақырамын.
Сондай-ақ шара барысында үздік еңбек адамдары алғыс хаттармен марапатталды.
Берік Қапасұлы, «Өскемен ЖЭО» ЖШС моторисі:
Енді біз энергетика саласында 15 жылдан артық жұмыс істеп жүрміз. Аллаға шүкір жұмысымыз бәрі жақсы. Жастарға айтарым көбінекей ерінбесін, ерінбек әрқашан жұмыс істеп оқысын.
«Enbekqor Оskemen» бұл еңбек адамының мәртебесін көтеруді, жастарға үлгі көрсетуді және әр саланың үздіктерін дәріптеуді мақсат еткен мазмұнды шара болды.
Талант Тұрсынов, Бекарыс Секен