Спорттық радиопеленгация — қызықты әрі зияткерлік спорт түрі. Бұл сайыста қатысушылар арнайы қабылдағыштардың көмегімен жерге жасырылған радиотаратқыштарды табуы тиіс. Александр Кочергиннің бұл спорт түрімен айналысып келе жатқанына 60 жыл болған. Осы уақыт аралығында ол өзінің шеберлігін үнемі дәлелдеп, әр жарыста жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Бұл спорт түрі бағдарлау қабілетін, техникалық дайындықты және төзімділікті қажет етеді. Спорттық радиопеленгацияны кейде «түлкі аулау» деп те атайды. Себебі, жарыс кезінде жасырылған радиотаратқыштарды табу оңайға соқпайды. Жасы сексенге таяған Александр Иванович әлі де тың. Осы күнге дейін спорттық радиопеленгация жарыстарына белсенді қатысып келеді. Биыл ол Литвада өткен халықаралық жарыста өнер көрсетіп, өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді.
Александр Кочергин, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
Мәре мен сөре арасындағы арақашықтық шамамен 2,5 шақырым. Белгілердің ішінде «3F» болса — ол жылдам жұмыс істейтін радиотаратқыш, ал жай дөңгелек белгі болса — баяу істейтінін білдіреді.
Әр сапарынан соң ол жарыс карталарын сақтап, өзінің қызықты жолдарын шәкірттеріне айтып беруді әдетке айналдырған.
Вадим Носков, спорттық радиопеленгация жаттықтырушысы:
Біз Александр Ивановичпен 1985 жылы таныстық. Сол кезде мен «Жас техниктер станциясына» келіп, оның үйірмесіне жазылған едім. Содан бері бірге қызмет етіп келеміз.
Александр Иванович күн сайын таңертең 5 шақырымға дейін жүгіріп, жаттығу жасайды. Салауатты өмір салты мен тұрақты физикалық дайындықтың арқасында ол дене бітімін қалыпқа келтіріп, денсаулығына көңіл бөле түскен.
Александр Кочергин, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
Бұл спорт түріне қатысу үшін мықты тактикалық және физикалық дайындық қажет. Пеленгаторды дұрыс қолдана білу, спорттық картаны оқып, түсіне білу — басты шарт. Мысалы, Литвадағы жарыста біз өзеннен жүзіп өтіп, қиын ормандарды еңсердік.
Александр Кочергин үшін спорттық радиопеленгация — жай ғана хобби емес, өмірінің маңызды бөлігіне айналған. Алпыс жылдан бері ол түрлі жарысқа қатысып, әр жолы биік тұғырдан көрініп келеді.
Фатима Тілейханқызы, Яна Мумлева