Облыс орталығында Қазақстан Халық партиясы бастамасымен ұйымдастырылған «Еңбек адамы - 2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Шара Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өтті. Үздік мамандар түрлі аталымдар бойынша анықталып, медальдар мен алғыс хаттарға ие болды.

Биыл Мемлекет басшысы Жұмысшы мамандықтар жылын жариялап, олардың мәртебесін көтеруді тапсырған болатын. Осыған орай Еңбек күні аясында өңірдің дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала мамандарына ерекше құрмет көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқаудың мақсаты - еңбек адамын дәріптеп, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру.

Ләйлә Төлеубекова, «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ ШҚОФ Жастар қанатының басшысы:

Бұл премия жай ғана премия емес, ол республиканың әр өңірінде осы премия өтіп жатыр. Жұмысшы мамандықтар құрметтеп оларға сый көрсетіп, медаль беретін боламыз. Және де осы премияның мақсаты жұмысшы мамандықтарының деңгейін көтеру.

Марапат алғандардың қатарында №4 қалалық аурухананың слесарь-сантехнигі Әсет Әбілов те бар. Ол осы салада 20 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Кәсібіне адалдығы мен біліктілігінің арқасында «Инженерлік коммуникациялар шебері» аталымында жеңімпаз атанды.

Әсет Әбілов, №4 қалалық аурухананың слесарь-сантехнигі:

Таңертең жұмысқа қуанып барып, қуанып қайтамын. Көңілді жүреміз. Коллектив бір біріне көмектесіп жәрдемдесіп тұрамыз. Осы жұмысымның арқасында бала шағамды оқытып, көмектесіп отырмын. Қуаныштымын және де жастарға ақыл кеңесім слесарь сантехниг мамандығын таңдаңыздар. Өкінбейсіздер.

Нағыз еңбек адамы - бұл істің адамы, әр ісіне жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Міне «Еңбек адамы - 2025» байқауы дәл осындай адамдарды марапаттап, олардың еңбегін дәріптеді.

Бекарыс Секен