Халықаралық қарттар күніне орай облыс орталығында «Өмір жолы – өнеге» атты мерекелік концерт өтті. Өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, көрермендерге көңіл-күй сыйлады. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қарттарды мерейлі мерекесімен құттықтап, өз алғысын білдірді.

Бұл күні шығысқазақстандық ардақты ардагерлер мен қазыналы қариялар ерекше ілтипатқа бөленді. Олардың ерлігі мен өмірлік даналығы жастарға үлгі. Салтанатты шара аясында тұрғындар үшін арнайы көрме ұйымдастырылып, қолөнер бұйымдары қойылды. Кешті тамашалауға келген халықтың қарасы қалың.

Бағжан Қалтаева, қала тұрғыны:

Міне концертке келіп қалдық. Құрметтеріңізге көп- көп рахмет. Заманымыз өркендей берсін, мемлекетіміз мықты мемлекет болсын. Қазақстанымыз жайнай берсін, өркендей берсін. Қарияларға құрмет көрсете беріңіздер.

Зәлипа Шәрібаева, қала тұрғыны:

Қарттар күні мейрамын құтықтап, біздің жер – жерден қарттарды құрметтеп беріп жатқан концертіне келіп тұрмыз. Көп рахмет айтамыз.

Аймақта 134 мыңнан астам қарт бар. Оларға мемлекет тарапынан жиі қолдау көрсетіледі. Мәселен, биыл облыс бойынша белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылды. Мұнда аға – буын өкілдерінің бос уақытын тиімді пайдалану үшін барлық жағдай қарастырылған.

Альмира Мусинова, Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

Ардагерлер ұйымдарының қызметкерлері ардагерлер ұйымдарының мүшелері бүгінгі таңда біздің Выдриха ауылында Уба санаторийында қызметтерін толық қанды пайдаланып жатыр. Енді жыл көлемінде біз бұл жерде 5500 астам қарт азаматтарымызды сауықтыру шараларымен қамтимыз. ШҚО аға буын өкілдері өте белсенді. Қазіргі таңда қоғамның барлық саяси болмасын, мәдени шаралардың бәріне толыққанды қатысып жатыр.

Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев арнайы келді. Ол қарттарды құттықтап, аймақ басшысының ізгі ниетін жеткізді.

Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Еліміздің қарқынды даму жолында қолжеткізген толағай табыстар мен атаулы жетістіктер ең бірінші кезекте сіздердің негізгі қалыптастырған бірлік пен ынтымақтың арқасы. Ардақты аға буын өкілдері сіздерге қамқорлық жасап, қолдау көрсету біздің перзенттік парызымыз. Мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ ғұмыр, амандық тілейміз. Мереке құтты болсын.

Қарттарын қадірлеген ел ардақты. Мерекелік шара ардагерлерге деген ыстық ықылас пен шынайы құрметтің белгісі.

Гүлдана Айдарқызы