Үлкен Нарын ауданының орталығында жаңа қоғамдық демалыс орны ашылды. Ашық аспан астындағы аллеяда балалар мен ересектерге жайлы демалу үшін барлық жағдай жасалған. Тұрғындар мұнда таза ауада серуендеп, бос уақыттарын тиімді өткізе алады.

Ауданда 6 ауылдық округ пен 21 елді мекен бар. 10 мыңнан астам тұрғыны бар өңір үшін Шабдан Тумашинов көшесінде салынған жаңа аллеяның маңызы зор. Құрылысы маусым айында басталған нысанға жалпы сомасы 22 млн. теңге жұмсалған.

Дәулет Маратбеков, Үлкен Нарын ауылдық округінің әкімі:

Бұл жерде 400 кв дейін брущатка салынды. Содан кейін отыратын орындықтар, свет тартылды және екі качелия жасалынды. Сол жұмыстар бүгінгі күні толығымен аяқталды. Тазалық барысы бізде 5 жұмысшы жұмыс атқарады, солар барлық күнделікті таңертең шығып тазалығын тазалап күнделікті қарап отырады.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында ауылдарды дамытуға басымдық беру қажеттігін атап өткен еді. Осы тұрғыда бұл бастама халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған игі қадам болып отыр. Ал тұрғындардың айтуынша, бұл демалыс орны ауыл өміріне жаңа серпін беріп, жастар үшін қолайлы әрі жайлы орынға айналады.

Жаңа аллея - аудан халқы үшін жай ғана демалыс орны емес, ауылдарды дамытуға бағытталған нақты қадамның көрінісі. Мұндай игі істер тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, елді мекеннің ажарын арттыра түседі.

Бекарыс Секен