Қарттар күні – баршамыз үшін қастерлі мереке. Өскемен гарнизоны «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің сарбаздары мен қызметкерлері айтулы күнге орай «Қамқор» әлеуметтік үйіне арнайы барып, ондағы ардақты жандарды мерекемен құттықтады. Ізгілік пен мейірімге толы бұл кездесуде әскерилер қарттарға сый-сияпаттарын табыстап, арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Ән мен күйге толы кеш қарттардың жүзіне күлкі, жүректеріне жылу сыйлады. Үлкенді сыйлау, олардың өмірлік тәжірибесінен тағылым алу – әр ұрпақтың парызы. Мұндай кездесулер сарбаздар үшін рухани тәрбие көзі, – дейді 27943 әскери бөлім командирінің орынбасары, майор Мақсат Қалмырзаев.
Мақсат Қалмырзаев, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімі командирінің орынбасары:
Әскери бөлім ұжымыен келіп, «Қамқор» орталығында ата-апаларымызды мейрамдарымен құттықтауға келіп тұрмыз. Өзіміздің шағын дайындаған концертіміз бар. Оларға зор денсаулық тілеймін! Олар біздің болашағымыз үшін көп нәрсе жасады. Мейрамдары құтты болсын!
Сахнада түрлі нөмірлер сомдалды. Қазыналы қарттар үшін ақ дастарханда түрлі тәтті-дәмділер дайындалған. Мерекені еселей түсу үшін әскерилер шағын сыйлықтарын да табыс етті. Көне көз қарттар өз кезегінде сарбаздарға ақ баталарын беріп, елдің тыныштығын күзетіп жүрген жас буынға сәттілік тіледі.
Бұл шара арқылы әскерилер қарияларға қуаныш сыйлап, көңілдерін көтеруді мақсат еткен.
Ернұр Туребеков, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің психологі:
Қарттар – олар біздің қазынамыз. Өткеніміз бен бүгініміздің алтын көпірі десек те болады. Сондықтан да біз оларға тек бүгінгі күнді ғана емес, күнделікті өмірде көмектесіп, сыйласып, кішіпейілдігімізді көрсетуге тиіспіз.
Мейірім мен құрметке толы осындай кездесулер ұрпақтар арасындағы сабақтастықты нығайтып, қарттардың да, жастардың да көңілін қуанышқа бөлейтіні анық.
Фатима Тілейханқызы