Ұстаз - шәкірт жүрегіне жол таба білген, парасат пен мейірімнің иесі, жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырып, болашағына жол ашатын маңызды тұлға. Сондықтан да бұл мамандық иелері қай уақытта да құрметке лайық. Кәсіби мерекеге орай облыс орталығында аймақтағы үздік мұғалімдер марапатталды.
Білімнің іргетасы балалық шақта қаланады. Бұл мереке - ұлт болашағын тәрбиелейтін жандардың еңбегі еленетін күн. Сондықтан алдына келген сәбидің тілін тауып, әр күнін қамқорлықпен өткізіп жүрген балабақша тәрбиешілері де бүгін алғысқа бөленеді. Себебі олардың еңбегі – болашаққа салынған ең алғашқы сүрлеу, баланың жүрегіне егілген алғашқы дән.
Фарида Орақбаева, «Шығыс Балдырған» ЖШС балабақшасының директоры:
Керемет сезім! Мен барлық әріптестерімді, әсіресе біздің балабақша директорын, тәрбиешілерімізді шын жүректен құттықтаймын. Мектепке дейінгі білім – баланың болашағының іргетасы деп санаймын. Сондықтан барша әріптестерімізге бүгінгі тамаша мерекеде шығармашылық табыс тілеймін. Алдағы еңбектеріне дарынды балалар мен түсіністік танытатын ата-аналар серік болсын деймін.
Ләйлә Сыдықова, 20 жылдан бері ардақты мамандықтың жауапкершілігін арқалап жүр. Бүгінде қаншама шәкірттің шамшырағын жаққан ұлағатты ұстаз мереке қарсаңында алғыс хатпен марапатталды.
Ләйлә Сыдықова, Өскемен қ. ББ №5 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
5 қазан Халықаралық ұстаздар күні тойланады. Осы керемет мереке аясында 29 қыркүйектен 5 қазан арасында қала бойынша бізде «Ұстазыңа алғыс» апталықтары өтіп жатыр. Әр түрлі шаралар өтіп жатыр. Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға дегендей ұстаздың еңбегі өте зор.
Думанғазы Арғынғазин, Өскемен қ. Білім бөлімі басшысының м.а:
Қазақстанда Мұғалімдер күні атап өтілуде. Бұл мұғалімдердің құрметтеуі, кәсіби мерекесі. Жылда бір рет аталып өтіледі. Республиканың мұғалімдерімен бірге Өскемен қаласында ұлағатты ұстаздардың басын қосып балалардың концертін беріп жатырмыз. 5600 ден астам мұғалімдер бар, ұстаздар бар бәрін құттықтаймыз.
Мерекеге орай ұстаздарға жылы лебіздер айтылып, марапаттар табысталады, концерттер мен салтанатты шаралар өтеді. Бұл – шынайы құрмет пен ризашылықтың көрінісі.
Қымбат Иманғали, Мирас Сабитпеков