Ұрпақ келешегін кемел, ел ертеңін нұрлы қылатын тұлға – ұстаз. Бүгін өңірде дәстүрлі Мұғалімдер күні ерекше салтанатпен аталып өтті. «Жаңа дәуір ұстазы: интеллект, еңбек және адалдық» тақырыбында өткен мерекелік жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ардагер ұстаздар мен жас педагогтер қатысты. Ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан жандарға марапаттар табысталды.
Ұстаздар күні ерекше салтанатпен аталып өтті. Облыс орталығындағы «Ертіс концерт» залы бүгін білім бәйтерегін биіктеткен ұлы мерекенің ордасына айналды. 600-ден астам қонақ жиналған шарада мұғалімдер еңбегіне бас иіп, құрмет көрсетілді. Білім беру ісіне саналы ғұмырын арнаған ардагер ұстаздардан бастап, жас мамандарға дейін осы мерекелік басқосудың қадірлі қонағы болды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Ыбырай Алтынсариннің «Сен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық. Үйткені, мұғалім мектептің жүрегі» деген сөзі бар. Шынында да ұстаздың орны ерекше. Ол әр адамның өміріндегі маңызды тұлға. Сіздерге шын жүректен алғыс айта отырып, еңбектеріңізге шығармашылық шабыт, зор денсаулық тілеймін. Тәрбиелеген шәкірттеріңіз үміттеріңізді ақтап, ел игілігіне қызмет ететіндігіне сенімдіміз.
Салтанатты жиынның ең басты сәті – марапат тапсыру. «Еңбек ардагері» медалі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілері, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары – ұстаз еңбегінің өлшеусіз екендігін көрсетті. Әрбір марапат – саналы ғұмырдың жемісі, мыңдаған шәкірттің жүрегінде қалған із. Кеш соңында облыстық үздік білім бөлімі мен үздік колледж марапатталды.
Гүлмира Ілиясова, зейнеткер:
Еңбек өтілім 45 жыл. Жалпы ұзтаздықты мектептен бастадым. Содан кейін аудандық оқу бөлімінде жұмыс атқардым. Одан кейін облыстық оқу бөлімінде жұмыс атқардым. Оқушыларды тек қана терең білім беріп қана қоймай, сонымен қатар, саналы тәрбие беру, терең тәрбие беру, өз отанының патриоты етіп шығару – бұл ұстаздардың ең бірінші мақсаты болып табылады.
Берікбай Жұмабаев, Тарханка орта мектеп-балабақша кешенінің тарих пәні мұғалімі:
Сезім мына ішіме сыймай тұр. Өте қуаныштымын мен. Бұл марапат жаңғыз менің марапатым емес, бүкіл мен істеп жүрген ұжымның марапаты деп өзім ойлаймын. Ұстаздарға өте көп мемлекет көмек көрсетіп жатыр. Мектептерде өте көп жас мамандар бар.
Ұстаз – шәкірт жүрегіне білім мен тәрбие нұрын себуші. Бүгінгі мереке – сол еңбектің ел алдында еленген сәті.
Талант Тұрсынов