Өскеменде көптен күткен «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығы ашылды. Жалпы ауданы 50 мың шаршы метрден асатын нысан қаланың ең ірі сауда және демалыс орындарының біріне айналмақ.
Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов қатысты. Қала тұрғындары үшін концерттік бағдарлама, аниматорлар шоуы және түрлі конкурстар ұйымдастырылды. Жаңа орталықта 80-нен астам сауда нүктесі, түрлі тамақтану орындары, сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық аймақтары орналасқан. Келушілер үшін басты нысанның бірі – балалар ойын паркі. Оның аумағы 2500 шаршы метрді құрайды.
Ульфат Темірханова, қала тұрғыны:
Бізде бүгін үлкен ТРЦ ашылып жатыр. Өте қуаныштымыз. Өте ыңғайлы жақсы болды. Балалар ойнайтын жер ашылды көбірек. Бұрын мұндай болған жоқ. Үлкен сауда үйі. Қуаныштымыз. Жаңа келдік бала-шағамызбен. Аралап көргіміз келіп тұр.
Сауда-ойын-сауық орталығының аумағында үлкен фудкорт, заманауи кинотеатр және ыңғайлы демалыс орындары қарастырылған. Сондай-ақ орталықта 1900 автокөлікке арналған тұрақ бар. Құрылыс барысында 100-ге жуық жұмыс орны ашылса, алдағы уақытта 500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Инвестиция көлемі шамамен 11 миллиард теңгені құрады.
Ақерке Мамаева, жеке кәсіпкер:
Қаламыздағы ең үлкен ТРЦ ашылып жатыр. Халық өте көп. Мұнша көп болады деп күтпедім. Алдыда барлығы жақсы болады деп ойлаймыз. Баға қымбат болады деп ойламаймын. Басқа ірі сауда үйлерімен сондағы сияқты баға болады. Біз енді күткенімізге көп болды. Осыдан 2 жыл бұрын осы жерден орын алдық. Арендасы өзімізге лайық деп ойлаймын.
Жаңа орталық Өскемендіктердің сауда жасап қана қоймай, бос уақытын отбасымен тиімді өткізе алатын сүйікті орындарының біріне айналады деп күтілуде.
Қымбат Иманғали