Өскемендегі қазандықтар жылыту маусымына дайын. Бұл туралы сала мамандары мәлімдеді. Тұрғындарға жылу берілмей тұрып, №5 қазан агрегаты толықтай қалпына келтіріліп, құрал-жабдықтар ағымдағы жөндеуден өткен.

№5 қазандықтың агрегаты жөндеуден өтті. Бүгінгі таңда агрегат үздіксіз қызмет көрсетуге дайын. Мамандар нысан күзгі және қысқы жүктемелерді көтеруге қауқарлы деп отыр.

Жандос Тұраров, «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директорының эксплуатация жөніндегі орынбасары:

Облыс орталығында 1 қазаннан бастап жылыту маусымы ресми түрде басталды. Барлық жылу көздері іске қосылды, ал дайындық деңгейіне қарай тұтынушылар жүйеге қосылып жатыр. Биыл дайындық барысында бірқатар жөндеу жұмыстары атқарылды.

Ал, «Шығыс Жылу» АҚ қарасты №2 қазандық Өскеменнің Сол жағалауын жылумен қамтамасыз етеді. Күленов кенті, ЖМК, 16 және 19-ықшам аудандарына қызмет көрсетеді. Қазандықты ретке келтіру жұмыстарын мекеме мамандары мен мердігерлер іске асырған.

Игорь Заруднев, «Шығыс Жылу» АҚ жылу энергиясын өндіру департаментінің директоры:

Қазандық жылыту маусымына дайын. Жөндеу жұмысынан өтті. Жөндеу жұмысына 68 миллион теңге бөлінді.Мердігер мекеме жүктелген міндетті уақытында іске асырды. 

Ал Риддер қаласындағы ЖЭО-на ерекше назар аударылған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңірдегі үш жылу электр орталығы толық қуатта жұмыс істеп тұр. Риддердегі қазандықта соңғы жылдары ауқымды жөндеу шаралары қолға алынған. Биыл қала бойынша ұзындығы 6 шақырымды қамтитын 23 учаскеде жылу желілері қайта жаңартылды.

Нұрлан Рамазанов, Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

Қазіргі таңда орталық тұрақты жұмыс істеп тұр. №1 және №2 қазан агрегаттары іске қосылды №3 қазандық агрегатына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір нысан гидравликалық сынақ кезеңінде тұр, ал толық аяқталу мерзімі – 10 қазан. Сонымен қатар №6 агрегат та жөнделіп жатыр, ал №4 пен №5 агрегаттар әзірге резервте.

Аталған екі агрегат жылыту маусымы барысында жүктеме артқан кезде пайдалануға беріледі. Дегенмен, ЖЭО мамандары бұл жағдай тұтынушыларға әсер етпейтінін атап өтті. Сонымен қатар станцияда отын қоры жеткілікті. Қазіргі таңда 29 мың тоннадан астам көмір мен 250 тоннаға жуық мазут бар. Алдағы күндері қосымша отын қорын жеткізу жоспарланған.

Қарақат Жақсылыққызы, Қуаныш Амантайұлы