Алтай ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық сенбілік өтті. Шараның мақсаты — табиғи нысандарды вандализмнен қорғау және тұрғындар арасында қоршаған ортаға ұқыпты көзқарас қалыптастыру. Бастамаға Алтай ауданының жастар ресурстық орталығы мен Никольск ауылдық округі әкімдігі мұрындық болды.

Туған жердің тазалығы әр адамға парыз болса, «Таза Қазақстан» акциясы соның алғышартын қалыптастыратын дәстүрге айналды. Бұл жолы Алтай ауданының жастары мен белсенділері табиғат аясына шығып, аймақты қоқыстан тазартты.

Құралай Ахметова, Никольск ауылдық округінің әкімі:

Науқанның нақты мақсаты қоршаған ортаны ластаудан қорғау. Экологиялық мәдениетті арттыру және азаматтарды табиғатқа ұқыпты қарауға шақыру. Таза Қазақстан жобасы әрбір азаматтың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге деген маңызды бастама.

«Таза Қазақстан» акциясы жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді, дейді ұйымдастырушылар.

Анар Ахметқалиева, Алтай аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:

Алтай аудандық жастар ресурстық орталығының жастары Никольск ауылдық округының әкімдігімен бірге таулы аймақтарды түрлі жазбалардан тазартты. Акцияның мақсаты табиғатты мінсіз таза күйде келешек ұрпаққа жеткізу. Бұдан бөлек тұрғындар арасында эко мәдениетті қалыптастыру болмақ.

Бұдан бөлек су айдындарында да тазалық жұмыстары қарқынды. Мәселен балық аулау учаскелерінің бірінде балықшылар мен еріктілер жыл сайын акцияға қолдау білдіріп тазалау жұмыстарына белсене қатысады.

Қайыргелді Иембергенов, жеке кәсіпкер:

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 9 адамнан құралған топ аумақты тазалау жұмыстарына қатысты. Қазіргі уақытта жағалау қоқыстан тазартылып, тұрмыстық қалдықтар арнайы қаптарға жиналып, тазарту жұмыстары ұйымдастырылды.

Табиғатты аялау – әр азаматтың парызы. Алтай жастарының бастамасы басқа өңірлерге де үлгі болып, экологиялық сана мен жауапкершілікті арттыруға сеп болмақ.

Нұртас Қайролдаев, Талант Тұрсынов