Облыс орталығында дәстүрге айналған «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Шараға Самар ауданынан келген шаруалар өз өнімдерінің кең ассортиментін ұсынды.

Жәрмеңкеге Самар ауданының фермерлері тыңғылықты дайындалған. Қожалық иелері облыс орталығы тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді өнімдерінің мол түрімен қуантты. Сауда сөрелеріне сиыр, қой, жылқы етімен қатар, бал және өзге де табиғи өнімдер қойылған.

Бауыржан Абылғазыұлы, Самар ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Жәрмеңкеде ет өнімдері, оның ішінде сиыр 2 тонна, 1 тонна жылқы еті алып келдік. Оған қосымша бал өнімдері бар. Сүт өнімдері бар. Грант игерелері қол өнер бұйымдарын әкеліп сатуда.... Сабын цехын ашқан болатын, оны жәрмеңкеге де әкеп қойып отыр.

Самарлық омарташылар да жәрмеңкеге өз өнімдерін алып келді. Табиғи, хош иісті балдың түр-түрі ұсынылды. Барлығы – таза табиғи өнім.

Анатолий Инжечик, омарташы:

Біздің бал – 100 пайыз табиғи өнім. Негізінен, өнім дала гүлдерінен жиналған. Сонымен қатар, қарақұмық, күнбағыс және көктемгі шөптерден алынған бал түрлері де бар.

Мұндай жәрмеңкелер ауылдағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы. Өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз саудалай алса, қала тұрғындары сапалы өнімді қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Фатима Тілейханқызы, Ирина Санникова