2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Ол салық салу жүйесін түбегейлі жаңартып, әкімшілендіруді жеңілдетуді, бизнес пен азаматтарға арналған заманауи цифрлық сервистерді енгізуді көздейді. Қазіргі уақытта халық арасында түсіндіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Облыстағы Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары аудандарды аралап, салық төлеушілермен семинарлар ұйымдастыруда.
Енгізілетін Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді айтарлықтай жеңілдетуді көздейді. Мәселен, салық есептілігі 30 пайызға қысқарады, жеңілдіктер оңтайландырылады, салық берешегін өндіру, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетіледі. Глубокое ауданында өткен семинарда жаңа салық кодексінің жеңілдіктері көпшілікке түсіндірілді. Мәселен, мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салықтық шегерім 882 АЕК-тен 5000 АЕК-ке дейін арттырылды. Бұл – әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін елеулі көмек. Маңызды өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап, инвестицияларды ынталандыру мен салық жүктемесін қайта бөлуге дейінгі барлық негізгі бағыттарды қамтиды.
Гүлмира Сабралимова, ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы:
Жеке табыс салығынан өзгерістер, жеңілдіктер бар. Жаңадан көп жеңілдік енгізілді. Мысалы, мүгедектігі бар адамдар І,ІІ топтағы жандарға шегерім еңбек ақысын алған кезде 5 мың АЕК дейін үлкейеді. Шегерім 14 АЕК-тен 30 АЕК дейін өседі.
Құжатқа сәйкес, корпоративтік табыс салығы 20 пайыз деңгейінде сақталса да, ол енді салаларға қарай әртүрлі мөлшермен есептелмек. Банктер мен ойын бизнесі үшін 25 пайыздық салық белгіленсе, әлеуметтік сала ұйымдары үшін алғашқы кезеңде жеңілдіктер қарастырылған. 2026 жылы 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін бұрынғыдай 3 пайыздық жеңілдетілген шарт сақталады. Жеке табыс салығы да өзгерістерге ұшырайды. Жаңа жүйе бойынша прогрессивті шкала енгізіліп, 8 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын табысқа 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Бұл шамамен жылына 34 миллион теңгеден жоғары кіріске қатысты болмақ.
Дәл осындай семинар Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінде өтті. Қатысушылар жаңа Салық кодексіне қатысты өз пікірлерін білдірді. Мысалы, салықтық әкімшілендіру тәсілдерінің едәуір өзгеруі туралы норма оң бағасын алды. Енді камералдық бақылау, ескерту сипатында жүргізіледі. Салықтық берешекті өндіру, төлемді кейінге шегеру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетіледі. Егер берешек сомасы аз болса, бизнес субъектілерінің шоттары бұғатталмайды. Хабарламалар мен шаралар қарыз көлеміне байланысты кезең-кезеңімен қолданылады. Қолданыстағы арнайы салық режимдерінің саны жетеуден үшеуге дейін қысқартылды.
Риза Нұрлыбекова, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық бақылау басқармасының бөлім басшысы:
Ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, жеңілдетілген декларация негізінде және шаруа қожалықтарына арналған салық режимі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке кәсіпкер болып тіркелуі маңызды емес, 4 пайыз салық төлейді. Жұмысшылар бойынша ешқандай шектеу қойылмаған.
Семинарға қатысушылар жаңа Салық кодексі жүйені барынша әділ әрі ашық етуге бағытталған деген пікірде.
Айнұр Қуанғанқызы, жеке кәсіпкер:
Бұл өзгерістер бизнеске және қоғамға жалпы салық төлеу жұмысымызға өте оңтайландырылғанын көріп отырмыз. Жеңілдетілген тәртіп өте көп екен.
Айта кетейік, Жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіруге арналған семинарлар өңірдің барлық аудандарында өтеді. Сонымен қатар, кеңес алу үшін ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру басқармасына 70-04-59 және 24-43-30 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.
Қымбат Иманғали, Алексей Сафонов