Ұлттың өміршеңдігін айқындайтын маңызды құндылықтардың бірі – оның материалдық емес мәдени мұрасы. Бұл – ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер мен танымдардың жиынтығы, халықтың рухани төлқұжаты. Осы мұраны сақтау және насихаттау мақсатында облыстық музей-қорығында ЮНЕСКО сарапшысы Василий Шахгулари БАҚ өкілдеріне семинар өткізді.
Қазақ халқының бай мәдениетінде ұлттық мұралар жетіп артылады. Барлығы халқымыздың рухани болмысын, дүниетанымын және өмір сүру дағдысын айшықтап тұрады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде осы құндылықтың жоғалып кету қаупі де жоқ емес. Дәл осы кезеңде мәдени тамырымыздан ажырамай, ұлттық болмысымызды сақтап қалу бұрынғыдан да маңызды.
Василий Шахгулари, ЮНЕСКО сарапшысы, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің мүшесі:
Бүгінгі басқосудың мақсаты – Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны қорғау бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алып жатқан ЮНЕСКО жобасын іске асыру. Пилоттық бағдарлама еліміздің бес өңірін қамтиды, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы да бар. Бұл жоба Қазақстанның ұлттық деңгейде және халықаралық алаңда материалдық емес мәдени мұрасын қорғау, сақтау және насихаттау бойынша маңызды қадам.
Материалдық емес мәдени мұра қазіргі қоғаммен үндесіп, жаңарып келеді. Мысалы, ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдарды сәнге айналдыру, домбыраны мектепте үйрету, ұлттық тағамдарды насихаттау – бәрі осы рухани мұраның қайта жаңғыруының айғағы. Осы мұраны сақтау үшін мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар жасалып, ЮНЕСКО деңгейінде де қолдау көрсетілуде.
Гүлжан Кашакуқызы, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы директорының орынбасары:
Біздің мемлекетіміз ЮНЕСКО-ның техникалық грантын ұтып алған. Сол техникалық грантты жүзеге асыру аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі, ШҚО әкімдігі және ҚР МЕММ қорғау жөніндегі ұлттық комитеті үш жақты меморандумға қол қойған болатын.
Сарапшының айтуынша, бекітілген талапқа сай сақталған және дәріптелген мәдени мұралар туризмді дамытуға, сол арқылы экономиканы қолдауға да үлес қоса алады. Мысалы, ұлттық киімдер, тағамдар, қолөнер бұйымдарына шетелдік туристер үлкен қызығушылық танытады. Сондықтан бұл – жай ғана өткеннің сарқыншағы емес, болашағымызға жол сілтейтін шамшырақ, ұрпақтар арасындағы рухани көпір. Дегенмен, ең басты рөл – қоғам мен отбасының мойнында. Әрбір ата-ана баласына бесік жырын айтып, дәстүрлі тағамды үйретіп, ұлттық ойындармен сусындатса – бұл үлкен мұраның жібі үзілмейді.
Қымбат Иманғали