Күш, төзім және батылдық сыналатын сәт. «Қауіпсіз мектеп – 2025» сайысы биыл шығыста ерекше форматта өтті. Дода Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Глубокое ауданындағы «Дарын» лагерінде өткен сайысқа облыстың түкпір-түкпірінен келген жас құтқарушылар қатысты. Олар түтін басқан аймақтан шығу, үйінділерден зардап шеккендерді құтқару, өртті сөндіру және алғашқы көмек көрсету сынды тапсырмаларды орындады. Жарыс барысында қателесуге болмайды. Бұл тек оқу полигоны болса да, әр қатысушының бойында нағыз құтқарушыға тән жауапкершілік пен батылдық байқалды.

Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

Мұндай жарыстарды біз жыл сайын өткіземіз. Мұндағы мақсат – «Жас құтқарушы» қозғалысын дамыту және өскелең ұрпаққа төтенше жағдайда өзін қалай ұстау керегін үйрету. Бүгінгі қатысушылар өз білімдері мен шеберліктерін жақсы көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Глубокое ауданындағы Оралхан Бөкей атындағы мектеп командасы иеленді. Екінші орынды Алтай ауданындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы мектеп, ал үшінші орын Облыстық ІТ мектеп-лицейінің оқушыларына бұйырды.

Фатима Тілейханқызы, Мирас Сабитпеков