Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Самар ауданының мәдени күндері өтті. Бұл күні өңір тұрғындарына арнайы жәрмеңке ұйымдастырылып, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті.
Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының залында Самар ауданынан келген қонақтар бірнеше көрмені көпшілікке ұсынды. Келушілер сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындыларын тамашалап, ұлттық тағамдардың түр-түрінен дәм татып, жас суретшілердің картиналарын көрді. Ауданның шығармашылық ұжымдары қатысқан гала-концерт көпшіліктің көңілінен шықты. Түрлі хореографиялық нөмірлермен бірге халық әндері мен қазіргі танымал композиторлардың музыкалық шығармалары орындалды.
Мұрат Байжуменов, Самар ауданы әкімінің орынбасары:
«Туған жер – Алтын бесігім» жобасы аясында концерттік бағдарламамен келдік. Арнайы ұйымдастырылған көрме болды. Бұл көрмеде сіз біздің мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыстары мен картиналар қойылған. Сонымен қатар зергерлердің түрлі металдан соққан бұйымдары да бар. Әсіресе, ұлттық киімдер көрмесін ерекше атап өткіміз келді.
Бұл ұлттық киімдердің авторы Қытайдың Үрімші қаласынан өңірге бір жыл бұрын көшіп келген Бағира Мағауяқызы. 30 жылдан аса уақыт тігіншілікте жүрген оның қолынан шыққан әр киімніің өзіндік ерекшелігі бар. Тігінші бүгінде бұл кәсіпке туған қызын баулып жүр.
Бағира Мағауяқызы, тігінші:
Қолөнер бар, киімді пішу бар. Ұлттық киім, жәй киім, Әртүрлі киімдерді 30 жыл бойы істеп келе жатырмын. Менің өзімнің цехым бар. Өзім пішем, өзім кестелеймін. Өзім тігем. Қызым екеуіміз жүргізіп жатырмыз осы жұмыстарды.
Мұндай шаралар мәдени байланысты нығайтып, дәстүр сабақтастығын сақтайды.
Салтанат Кеңесбекқызы, Ирина Санникова