Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Самар ауданының ұйымдастыруымен қыздар арасында волейболдан облыстық деңгейдегі жарыс өтті. Дүбірлі додаға өңірдің әр түкпірінен 8 команда қатысып, өзара кім мықтыны анықтады.

Қатысушылар бұл жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген. Сайысқа кәсіби спортшылардан бөлек, әуесқой командалар да қатысты. Олар өз ауданының намысын қорғап, жеңісті қолдан бермеді. Солардың бірі – Самар ауданының атынан қатысқан Анель Таранова.

Анель Таранова, Самар ауданы командасының капитаны:

Осы біздің өтіп жатқан жарыстарымыз ол ең бірінші спорттық рухты күшейтеді. Одан кейін ол біздің денсаулықты нығайтады. Осы аудандар арасында жарысқа қатысып жатқан волейбол топтар командалар арасындағы татулықты, спортқа деген сүйіспеншілігін білдіреді.

Аталмыш шараның мақсаты - жастардың спортқа деген ынтасын арттырып, олардың туған жерге деген патриоттық рухын нығайту. Бұл ел ертеңі саналатын жас буынды қолдауға арналған маңызды әрі тиімді бастама.

Маржан Кельгерун, Самар ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының м.а:

Турнирге 8 команда қатысуда. Олардың арасында Глубокое, Марқакөл, Самар аудандары, Өскемен қаласынан спортшылар бар. Мұндай жарыстар ауыл жастарына жігер береді. Туған жеріңнің атынан ойнау — үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш деп білемін.

Турнир соңында жарыс жүлдегерлері медалдармен, алғыс хаттармен марапатталды.

Қарақат Жақсылыққызы, Гүлдана Айдарқызы, Ирина Санникова