Күршім ауданына қарасты Маралды ауылындағы мал өліміне қатысты зерттеу жұмыстарының нәтижесі шықты. Мамандар жүргізген сараптама қорытындысы бойынша жұқпалы аурулар мен улану белгілері анықталмаған. Қазір ауылдағы эпизоотиялық жағдай тұрақты, жаңа мал өлімі тіркелмеген.

Еске салсақ, 19-20 қыркүйекте Маралды ауылында 8 мал өлімі тіркелген болатын. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен дереу құрылған арнайы топ оқиға орнына келіп жетті. Мал өлекселерінен, су мен топырақтан сынама алынып, ветеринариялық зерттеулер, вакцина егу және дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді.

Рамиль Сағындықов, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

Аса қауіпті жұқпалы ауралар теріс нәтиже беріп тұр. Бәрі нормада тұр.

Экологтар жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, рН деңгейі, қалқымалы заттар, аммоний, мұнай өнімдері, цианид, ауыр металдар және басқа да элементтер бойынша шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кету фактісі тіркелмеген.

Меңдігүл Садуақасова, Күршім аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

Тексеру нәтижесі бойынша жұқпалы ауруларға теріс нәтиже келді, жағдай тұрақты, осы малдармен қарым қатнаста болған адамдарды жіті бақылауда ұстап отыр.

Сондай-ақ мал өлімі себептерін тереңірек зерттеу мақсатында су, жайылымдағы жем-шөп және өзге де сынамалар тұрақты түрде алынып, зертханалық сараптама жүргізіліп келеді.

Алмас Ижимов, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

Алдыға қарай атқарылатын іс шара ол ветеринария басқармасы кешенді тексеру жұмыстарын жүргізеді. Сондағы мал өлімі орын алған жерден шөптің, судың топырақтан қорытындыларын қайталап алады. Сондағы жайылған малдың қанын алады.

Қазіргі уақытта Маралды ауылындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Жаңа мал өлімі тіркелмеген. Ветеринарлар күн сайын малдың жай-күйін қадағалап отыр.

Бекарыс Секен