Өңірде «AUYL SPORT – 2025» турнирі басталды. Додаға облыстың әр ауданынан 500-ден астам жас спортшы жиналды. Олар спорттың 7 түрінен сынға түседі. Спартакиада екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр.

«AUYL SPORT - 2025» турнирі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Турнирдің ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, турнирдің маңыздылығын атап өтті.

Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Біздің осы ауылдан шыққан негізгі көп олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары осы алғашқы жарыстарда, аудандық жарыстарға қатысып, үлкен дәрежеге өсіп, осындай жетістікке жетіп отыр. Сондықтан ауыл негізгі мықты спортшыларды тәрбиелейді.

Шараның мақсаты - ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттыру, олардың бойында салауатты өмір салтын ұстануға деген ынтаны қалыптастыру.

Ғалымбек Жақсылықов, «AUYL SPORT» жобасының жетекшісі:

Жобаны бастар алдында біз елімізде талдау жұмыстарын жасадық. Енді бұл жерде, ауылдың балаларының, ауыл жастарының спортқа қолжетімділігін арттыру. Өйткені біз білеміз, талдау барысында байқағанымыз көп ауылдарда балалардың спортпен шұғылданғысы келеді. Спортпен айналысқысы келеді. Бірақ, өкінішке орай қолжетімділік төмендеу. Спорттық инфрақұрлым жетіспейді. Сондықтан, осы жоба арқылы балаларды осы спортқа тартып, жарыстар ұйымдастырып, сонымен қатар жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктігін арттыру арқылы біздің балалардың қолжетімділігін, балаларды спорт арқылы тәрбиелеу.

«AUYL SPORT» жобасы - ауыл балаларына кәсіби түрде спортпен айналысуға мүмкіндік беретін бірегей бастама. Игі бастаманың аймақта өтуіне мұрындық болған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен білім басқармасы және «Halyk» қайырымдылық қоры. Өткен жылы іске қосылған бұл жоба қысқа уақыт ішінде еліміздің барлық өңірінде үлкен қолдауға ие болды.

Балауса Қантай, жарысқа қатысушы:

Біз «Ертіс» командасымыз. Глубокое ауданынан келдік. Осы волейболға қатысып жүргенімізге 4-5 жылдай болды. Бүгін ауыл жарысына бірінші реткеліп тұрмыз. Қуанышқа орай, бірінші ойынды жеңдік. «Марқакөл» деген командамен ойнадық.

Бейбарыс Кеңесханов, жарысқа қатысушы:

Тарбағатай ауданы Ақжар аулынан келдік. Біз волейболға келіп жүрміз көп. Бүгінгі жарыстан мен ұту нәтижесін күтемін. AUYL SPORT жарысына бірінші рет қатысып отырмын.

Аймақтық турнирде жеңіске жеткен спортшылар мен командалар республикалық кезеңге жолдама алады. Бұдан бөлек, жеңімпаздар медальдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Кәусар Идаятқызы