Үлкен Нарын ауылында он көшеге асфальт төсеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ұзындығы сегіз шақырымды құрайтын жолдарға 350 млн. теңге бөлінген. Құрылысты «ОблысШығысЖол» ЖШС жүргізіп жатыр. Жаңа жолдар тұрғындардың көптен күткен мәселесін шешіп, ауылдың келбеті мен тұрмыс сапасын арттыра түспек.

Үлкен Нарында шамамен бес мыңға жуық адам тұрады. Елді мекеннің әлеуметтік ахуалы тұрақты, соңғы жылдары ауылдың келбеті айтарлықтай өзгеріп келеді. Қазіргі таңда аудан орталығындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Бағлан Ұябаев, «ОблШығысЖол» ЖШС Күршім ауданы бойынша №5 ӨЖУ басшысы:

Жолдың сапасы бойынша бізде берілген 10 см графимен, оның үстінде 6 см асфальт, ширинасы 4 м болып саналады. Қазіргі уақытта Назарова көшесін бастадық. Бұл көшеде жалпы ұзындығы 580 м жұмыс бүгін басталды, басқа бригада бастапқы жұмысты жасап жатыр.

Алдағы уақытта ауылдың он көшесіне асфальт төселіп, бұрынғы шұрық-тесік, ойлы-шұңқырлы жолдар жаңарады. Бұл тек бір ауылдың ғана емес, ауданның дамуына оң әсер ететін маңызды қадам. Өйткені, жол - тіршілік тамыры. Тұрғындардың жүріп-тұруы жеңілдеп, ауылға қатынайтын көлік қозғалысы да қауіпсіз әрі ыңғайлы бола түседі.

Дәулет Маратбеков, Үлкен Нарын ауылдық округінің әкімі:

Міне он көшеге бүгінгі таңда Үлкен Нарында асфальт салып жатырмыз. Мердігер ОблысШығысжол. Барлығы 350 млн теңге бөлінген. Жолдардың ұзындығына келетін болсақ 8 шақырымды құрайды. 10 көшені бұл бізде өзіміздің ауылда әлеуметтік топ халықтың сұранысы бойынша осы көшелерді жазған болатын, және ұсыныс білдірген болатын сондықтан жасап отырмыз. Келесі жылдарда осы жұмысты ары қарай жалғастыратын боламыз. Жаңа көшелерге жол салу жоспарда бар, ары қарай жалғасын табатын болады.

Жергілікті халық бұл жаңалықты қуанышпен қабылдады. Көп жылдан бері асфальт көрмеген көшелердің жаңаруы ауылдың көркіне көрік қосып, тұрмыс сапасын арттырмақ.

Бұл - елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір көрінісі. Алдағы уақытта да жоспарлар көп.

Бекарыс Секен