Биыл Қазақстан Кәсіподағының құрылғанына 120, ал Кәсіподақтар федерациясына 35 жыл толып отыр. Сондай-ақ Шығыс Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысына 105 жыл. Осы орайда облыстағы кәсіподақтар орталығы салтанатты жиын өткізіп, сала мамандарын мерекемен құттықтады. Айтулы шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
10 қазан кәсіподақтар қозғалысы күні аталып өтіледі. Аймақтың кәсіподақтар тарихы 1920 жылдан бастау алады. Ол – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі.
Жақсылық Омар, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары:
Қазіргідей алмағайып уақытта ең бірінші кәсіпорында жұмыс істейтіндердің құқықтарын қорғауымыз керек. Өйткені ол Президентіміздің тікелей тапсырмасы. Егер кәсіпорындарда жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің арасында жақсы байланыс болса, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болса, ел болып дамуымыздың үлгісінің бірі деп айтуымызға толық негіз бар. Бүгінгі мерейтой барлығымызға құтты болсын!
Аймақта «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылған болатын. Келісімшарт жыл сайынғы жалақыны индекстеуді, өндірістік жарақаттануды азайтуды, әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу және болдырмау бойынша шараларды жүргізуді, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға қосымша ақы төлеуді көздейді.
Темірбек Қасымжанов, «Шығыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы:
Облыстық келісімшартта еңбек адамының еңбекақысының төленуі, әлеуметтік жағдайы, еңбек қауіпсіздігі барлығы қаралып, қазіргі жағдайда барлық кәсіпорындарға жеткізіліп отыр. Кәсіподақтың басты миссиясының бірі – ол кәсіподаққа мүше тарту. Кейінгі жылдары кәсіподақ қозғалысына түсу оның ішінде жастардың келуі кәсіподақ қозғалысының мәртебесі көтеріліп келеді. 2024 жылға келетін болсақ кәсіподағымызға 2156 адам мүше болып келді.
Кәсіподақ мүшелерінің 55 пайызы әйелдер, 30 пайызы жастардан құралған. Барлық аумақтық бірлестіктерде «Татуласу орталығы» қызметі жұмыс істейді, олар еңбек заңнамасы мәселелері бойынша тегін заң және медиативтік көмек көрсетеді.
Батырбек Нұрпейісов, «Шығыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығы» АКБ бас маманы:
Кейінгі 5 жылда көптеген өзгерістер пайда болды. Кәсіподаққа жаңа азаматтар, жаңа буын келді. Олар тың серпін әкелді. Қазір Кәсіподақ өз қызметін өте жоғары деңгейде атқарып келеді деп толық сеніммен мен айта аламын. Жыл сайын 120-130 адамға дейін бізге арыз түсіреді. Мәселені шешу үшін.даулы мәселелерді.
Мереке тұсында әрбір еңбек күнін белсенді қоғамдық қызметпен сәтті ұштастырып, кәсіподақ қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Қымбат Иманғали