Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында радиациялық терапияның жаңа, жоғары дәлдіктегі әдістері енгізілді. Енді мұнда өкпедегі метастаздарды заманауи технологиялар арқылы, әлемдік стандарттарға сай емдеуге болады.
Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында радиациялық терапияның жаңа жоғары дәлдіктегі технологиялары енгізілді. Енді мұнда өкпе метастаздарын стереотакстық радиотерапия әдісімен емдейді. Заманауи әдістемелерді меңгеру үшін дәрігерлер Беларусь елінде арнайы оқудан өткен. Алынған білім олардың тәжірибесіне жаңа тәсілді енгізуге мүмкіндік берді. Бұл әдіс ісікті дәл анықтап, сау тіндерді барынша қорғап қалуға мүмкіндік береді.
Ұлдана Тажидинова, Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының радиолог-дәрігері:
Бұл әдіс өкпеде метастаз немесе ісіктің бастапқы сатысында қолданылатын стереотакстық сәулелік терапия деп аталады. Мұнда терең тыныс алу технологиясы қолданылады. Науқас демін тартып, тынысын біраз уақыт ұстап тұрады. ABC әдістемесі науқастың тынысын белгілі бір фазада, яғни көбінесе ісік қозғалмайтын сәтте анықтауға мүмкіндік береді.
Науқасты емдеу мұқият бақылау мен қадағалаудан басталады. Дәрігерлер ісіктің нақты орнын анықтап, емдеу параметрлерін есептейді. Бұл процестің дәлдігін қамтамасыз ететіндер – медициналық физиктер. Емнің алғашқы сатысынан бастап сәтті болуы тікелей осы мамандарға да байланысты.
Гаухар Аңдыбаева, Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бөлім меңгерушісі:
Стереотакстық радиохирургия мен радиотерапия бүгінде әлемдік стандартқа айналған. Бұл әдіс хирургиялық жолмен ісікті алып тастау мүмкін болмаған жағдайда науқастарға сауығуға мүмкіндік береді. Біз, медициналық физиктер, сәуленің дәл түсуін қамтамасыз етеміз. Ол үшін КТ, МРТ және заманауи навигациялық жүйелер қолданылады. Стереотакстық радиотерапия кезінде жоғары қуатты арнайы режимдер пайдаланылады. Бұл ісікке қажетті дозаны дәл жеткізуге мүмкіндік береді.
Бұл емшара хирургиялық әдіс тиімсіз болған жағдайдың өзінде қолданылады. Стереотакстық радиотерапияның облыстық онкология және хирургия орталығына енгізілуі – онкологиялық ауруларды емдеу сапасын арттырудағы маңызды қадам.
Фатима Тілейханқызы, Ирина Санникова