Риддер қаласындағы «Шаңырақ» гимназиясы мен нөмірі 11-орыс мектебі бір ғимаратта оқып жатқанына екі жыл болды. Өйткені кеншілер шаһарындағы жалғыз қазақ мектебінің ғимараты 3 жыл бұрын апатты деп танылып, жабылған. Қалада дереу жаңа қазақ мектебін салу туралы шешім қабылданып, жер бөлініп іргетасы қаланған.

Риддердегі «Шаңырақ» гимназиясының ғимаратына қатысты мәселе 15 жыл бұрын көтерілген. Себебі, қаладағы жалғыз қазақ мектебіндегі оқушылар үш ғимаратқа бөлініп оқып келген. Ал 2023 жылы негізгі ғимарат жарамсыз болған соң біржола жабылды. Содан бері екі мектеп қазір бір ғимаратта.

Әсел Тұрсынғазықызы, Риддер қаласының тұрғыны:

Мен енді қамқоршылық кеңесінің төрайымымын осы жерде үшінші жыл қызмет жасаймын. Бірақ енді көп ата-аналардың бәрі маған телефонмен де көшеде көрсем де мектеп қашан салынады? Мектеп қашан бітеді деген сұрақтың бәрі маған келіп жатады. сондықтан риддер қаласының қазақ балаларының тосып жүргені осы Шаңырақ мектебі.

Риддерде 15 орта мектеп бар. Оның үшеуі аралас. Қаладағы жалпы 7180 оқушының тек 779-ы ғана мемлекеттік тілде білім алады. Биыл қыркүйектің бірінде 615 бала бірінші сыныпқа барса, 133 оқушы ғана мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Шаңырақ мектебі кейбір қосымша сабақтарды ескі ғимартта өткізуге мәжбүр.

Еркебұлан Махтиев, «Шаңырақ» қазақ гимназиясының директоры:

Ескі Шаңырақ мектебінің спорт залын қолданып отырмыз. Түскі іс шаралар, үйірмелер, спорттық шаралармыз сонда өтеді.

Риддердегі Шаңырақ гимназиясына арналған мектептің іргетасы былтыр қаланған. 600 орындық оқу ғимаратының бүгінге дейін 50 пайызы салынды. Мектепті салуға өңірдегі ірі тау-кен компаниясы толық демеуші болды. Құрылыс қыста да тоқтамайды.

Әсет Сұлтанов, мердігер компания директорының орынбасары:

Бетонға жылыту жағамыз. Жасала береді. Ешқандай тоқтау болмайды. Қыс уақытында. Жұмыс жоспарға сәйкес жүргізіле береді. Жоспарға сәйкес келесі жылы шілде айында қолданысқа береміз.

Жаңа мектеп пайдалануға берілген соң тек шаңырақтың оқушылары ғана емес қазір қаладағы аралас мектепте оқитын қазақ сыныптары да келеді. Дегенмен, алдағы бірнеше жылда 600 орындық бұл ғимаратта тар болуы мүмкін. Себебі, Риддерде баласын тек мемлекеттік тілде оқытқысы келетін ата-аналардың саны көбейіп келеді.

Гүлдана Айдарқызы, Олжас Керейхан