Үлкен Нарын ауылында көпқабатты үйлердің қасбетін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында екі үйдің қабырғасына қазақтың салт-дәстүрін бейнелейтін мурал салу да қарастырылған. Құны 34 млн. теңгені құрайтын бұл бастаманы «Нарын строй сервис» ЖШС жүзеге асыруда. Жаңарған үйлер мен ұлттық нақыштағы суреттер ауылдың ажарын ашып, тұрғындарға ерекше қуаныш сыйлауда.
Аудан орталығында көпқабатты үйлердің қасбеттері жаңартылып жатыр. Биыл он тұрғын үйдің сыртын жөндеу жоспарланған. Жауапты мамандардың айтуынша, барлық жұмыстар қазан айының соңына дейін аяқталады.
Дәулет Маратбеков, Үлкен Нарын ауылдық округінің әкімі:
Бүгінгі таңда он үйдің қасбетін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса екі үйге мурал салу жұмыстары сметалық құжаттарымен байланысты қарастырылған болатын. Біздің жергілікті мердігер ТОО Нарын сервис жұмыстарын жасап жатыр. Оның барлық сумасы 34 млн. Біздің ауылымызға жақсы көрік береді деген оймен жұмыстарды жасап жатырмыз.
Бұл жөндеу жұмыстарын жергілікті мердігер компания жүргізіп жатыр. Учаске шеберінің айтуынша, құрылыс қарқыны тұрақты, жұмысшылар өз міндетін уақытылы атқаруда.
Руслан Алыбаев, «нарын строй сервис» жшс учаске шебері:
Біз он тұрғын үйдің қасбетін ретке келтіріп жатырмыз. Қазір нысандағы жұмыс қарқыны тұрақты, бәрі жоспарға сай. Қажетті құрылыс материалдарының барлығы толық жеткізілді, ешқандай кедергілер жоқ. Қазіргі уақытта үйлердің жартысы бояуға дайын, ал кейбір ғимараттарда сырлау жұмыстары басталып кетті. Бұдан бөлек есік пен терезе ойықтарына сылақ жүргізіп, қабырғаларды тегістеу және әрлеу жұмыстары қатар атқарылып жатыр.
Ауыл тұрғындары жөндеу жұмыстарына ризашылықтарын білдіруде. Олардың айтуынша, жаңарған үйлер ауылға көрік беріп, көңілге жылылық ұялатады. Әсіресе муралдар ұлттық рухты сезіндіреді дейді.
Аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің қасбетін жаңарту жұмыстары елді мекеннің ажарын айқындай түспек. Жөнделген тұрғын үйлер ауыл келбетіне заманауи сипат береді. Ұлттық нақыштағы муралдар да өңірдің мәдени болмысын айшықтап тұр. Жергілікті әкімдіктің айтуынша, мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Бекарыс Секен