Шығыс Қазақстан облысында жеке кәсіп ашып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Олар үшін өнім сапасы бірінші орында. Мәселен, сондай кәсіп иесінің бірі - Алтай ауданында өңірдегі ірі ағаш кесу және ағаш өңдеу ісін жолға қойған. Олар шетелдік инвесторлармен берік серіктестік орнатып қана қоймай, заманауи технологияларды енгізу үшін мемлекеттік гранттардың мүмкіндігін пайдалануда.
Кәсіпорын жұмысшылары біріншіден орманға барып, ағаш дайындайды. Содан кейін жиналған ағаштар өлшем бойынша кесіледі. Фанер зауытында толық өңдеуден өтеді. Мамандар әр істі мұқият істейді. Себебі, өндіріс стандарттарын қатаң сақтау арқылы ғана сапалы өнім алуға болады. Сондықтан ағашты кесу кезінде нақты өлшемдер басшылыққа алынады.
Николай Коновалов, қойма басшысы:
Бізде текше сыйымдылығын өлшейтін арнайы сызғыш бар . барлығы белгіленген өлшем бойынша кесіледі. Стандарт бойынша бір метрге 35 см 2 метрге 60 см болуы керек. Бұл өнеркәсіптік фанер өлшемі. Себебі, өлшем ағаштың сапасына әсер етеді, ал фанердің сапасы ағаш түріне байланысты болады.
Ағаш өңдейтін компания – бірегей құрылыс материалы саналатын арболит өндіру ісін жолға қойған. Оның құрамының 90% ағаш бөлшектерінен тұрады. Бұдан бөлек цемент, беріктік пен жылу оқшаулау қасиеттерін беретін арнайы қоспалар қосылған. Бұл өнім суықтан жақсы қорғайды.
Сергей Огнев, компания директоры:
Арболит - үй, монша және гараж құрылысына қолданылатын құрылымдық блок. Блок қабырғаларының қалыңдығы әртүрлі. 300, 350 және 404 болады.
Кәсіпорын Шығыс Қазақстан облысында алғашқылардың бірі болып жеңілдетілген несие алды. Одан бөлек, келесі жылы олар отқа төзімді фанера шығару жобасына 350 миллион теңге грант алуды жоспарлап отыр.
Ерік Ерболатов, Алтай ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:
Ағаш өңдеу өнеркәсібі – біздің аудандағы негізгі экономикалық салалардың бірі. Алтай өңірі орман қорына бай. Біз осы мүмүкіндікті «Фаворит» ЖШС қалай тиімді пайдаланып отырғанын көріп отырмыз. Өндіріс процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Заманауи технологиялар енгізілген. жоғары сапалы құрал-жабдықтар пайдаланылады, экологиялық стандарттар сақталады.
Бүгінде кәсіпорын өз өнімдерін республика бойынша ғана емес, экспортқа да саудалайды. Жуырда облыс орталығында өткен «ALTAY Invest 2025» форумы барысында Қытайдан келген инвесторлар өндіріс орынына барып, жұмысымен танысты. Олар алдағы уақытта бірлескен жобаларды дамытуға дайын екендіктерін жеткізді.
Салтанат Кеңесбекқызы, Яна мумлева