Облыс орталығында нашақорлыққа қарсы бағытталған граффити сайысының қорытындысы шығарылды. Байқау "Заң және тәртіп" акциясы, «Еsirtkisiz Shygys» жобасы аясында ұйымдастырлды. Шараның мақсаты-жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Бұл фестиваль Өскеменде алғаш рет өтті. Шығармашылық сайысқа 20 суретші, оқушылар мен студенттер қатысты. Қатысушылар өз жұмыстарын әртүрлі жанрларда ұсынды. Өңір жастары «Үздік граффити суретшісі», «Үздік идея», «Үздік композиция», «Шығармашылық пен жаңашылдық үшін», «Үздік әлеуметтік хабарлама» номинациялары бойынша марапатталды.
Ерлан Бұланбаев, ШҚО прокурорының орынбасары:
Шынымды айтсам, бұл байқауға қатысуға ниет білдірген азаматтар саны аз болады деп ойладым. Дегенмен, сайыста бақ сынауға бел буған жастардың қарасы қалың болды. Бұл әрине көңіл қуантарлық жайт. Келер жылы бұл фестивальдің ауқымы кеңейеді деген сенімдемін.
Ең үздік граффити авторлары марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Аяжан Әріп – байқаудың жеңімпазы атанды. Ол бұған дейін кескіндеме жанрындағы суреттерді бейнелеген. Граффити оның алғашқы туындысы.
Аяжан Әріп, байқау жеңімпазы:
Сайыс жоғарғы деңгейде ұымдастырылған. Алғаш рет мұндай додаға қытыстым.Бұған дейін граффити салған емеспін. Жарысқа ұсынған туындымды салуға шамамен үш сағаттай уақыт жұмсадым.
Қатысушылар туындылары арқылы қоғам назарын теріс әрекеттен аулақ болуға шақырды. Байқау жеңімпаздары әлеуметтік тақырыпты сурет арқылы бейнелеп қана қоймай, өнер тілімен сөйлеуге мүмкіндік алды.
Аяулым Усинова, Мирас Сабитпеков