Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі ең ірі индустриялық аймақтардың бірі. Мұнда тау-кен өндірісі қарқынды дамыған. Өңірде 484 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген. Экологиялық талаптардың сақталуын бақылау бекітілген заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Сондықтан сала мамандары тарапынан бақылау шаралары қатаң жүргізіледі. Облыс орталығында өткен брифинг барысында аймақтағы экология департаменті жүргізілген тексеріс нәтижесін жариялады.

Облыстық экология департаментінің мәліметінше, шығыста 484 жер қойнауын пайдалану нысаны бар. Оның ішінде 108 келісімшарт кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге, 306 келісімшарт қатты пайдалы қазбаларға тиесілі. Сонымен қатар 64 кәсіпорын I санатқа жатады, олардың 23-і қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді.

Әсет Сүлейменов, Облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Жер қойнауын пайдаланушылардың есептік дерегі бойынша атмосфералық ауаға ластаушы заттарды шығаратын көлемі жылына шамамен 4000 мың тоннаны құрайды. Су обьектілеріне ластанушы заттарды бөлу көлемі 12 мың тоннандан асады. Өндіру, тұтыну қалдықтарын көму көлемі жылына 22,3 млн тоннаға сәйкес келеді.

Айта кетейік, биыл облыстық экология департаменті 8 жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, 10 айда бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде геологиялық барлау және өндіру жұмыстарын рұқсатсыз жүргізу, топырақ пен су айдындарын ластау, экологиялық сараптама талаптарын және қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін бұзу фактілері тіркелген.

Әсет Сүлейменов, Облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

Тексеріс қорытындысы бойынша әкімшілік жауапкершілікке «East Copper» ЖШС, «Altai GeoTechnology» ЖШС, «PROFIT S» ЖШС, «КАСКАД-Н» ЖШС және бірқатар жеке кәсіпкерлер мен старательдік қызметті рұқсатсыз жүргізген жеке тұлғалар тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 9,7 млн теңгені құрады, оның 9,4 млн теңгесі өндірілді.

Салалық департамент басшысы Әсет Сүлейменов брфинг барысында қоршаған ортаға зиян келтіру және экологиялық стандарттың сақталуын қамтамасыз ету, жер қойнауын пайдаланушылар қызметіне бақылауды күшейту шаралары жалғасатынын айтты.

Сая Жарасқызы