Облыс орталығында әйелдер арасында хоккейден Азия чемпионаты басталды. Доданың өтуіне Халықаралық хоккей федерациясының қолдауымен, Қазақстан хоккей федерациясы мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйытқы болды. Шараның мақсаты – әйелдер хоккейін дамыту және жастарды спортқа тарту.
Борис Александров атындағы спорт сарайында өткен салтанатты ашылу рәсіміне спорт жанкүйерлері мен қала тұрғындары жиналды. Жарысқа Қазақстан, Жапония, Қытай және Корея құрамалары қатысуда. Бұл турнир – Халықаралық хоккей федерациясының аясында ұйымдастырылып отырған маңызды дода.
Жақсылық Омар, ШҚО әкімінің м.а:
Бұл біріншіден біз үшін үлкен хоккейдің мерекесі. Екіншіден үлкен спорттық оқиға деп айтуға толық негіз бар. Үйткені біздің облыс, Өскемен қаласы Қазақстан хоккейінің отаны болғаннан кейін осы жерде Азияның мықты командалары қыздар арасында келіп өз күштерін сынайды. Бұл хоккейдің жанкүйерлеріне, көрермендеріне, хоккейдің дамуына да бір серпін беретін үлкен халықаралық шара. Сондықтанда барлық қатысушылар жүлделі орындарға лайық.
Чемпионатың ресми ашылуында командалар таныстырылып, көрермендерге шағын шоу ұйымдастырылды. Бұл турнир еліміздегі әйелдер хоккейінің дамуына тың серпін бермек.
Азамат Айтхожин, Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры:
Ең алдымен мынау шығыс жеріне келгенімізге өте қуанышты болып жатырмыз. Бұл мына жақта өткізіп жатқан себебіміз неге десеңіздер мынау шығыс елі қазақ еліміздің хоккейінің енді жаңағы туған жері деп айтуға болады. Енді бәрін айт та бірін айт, дайындық өте жоғары деңгейде өтіп жатыр деп ойлаймын. Неге десеңіздер мынау жаңағы келген қонақтарымыз алғыстары шексіз.
Айваз Омарканов, Халықарылық хоккей федерациясының вице-президенті:
Біз Азия чемпионатын алғаш рет Өскемен қаласында өткізіп жатырмыз. Менің ойымша, бұл қала үшін – нағыз үлкен спорт мерекесі. Ал бірінші ойын соның айғағы дер едім. Алғашқы матчта-ақ жекелей соққыларды көрдік. Өте қызықты, тартысты ойын өтті, соңы да сәтті аяқталды. Бүкіл турнир осылай бір деммен өтеді деп сенемін. Ал Қазақстан құрамасына келсек, менің болжамым әрдайым оң. Ұйымдастырушылардың жеңіске жеткені – әрқашан қуанышты жағдай.
Азия біріншілігі 8 қарашаға дейін жалғасады. Осы күндері төрт мемлекеттен келген спортшылар өзара бақ сынайды. Барлық матчқа кіру тегін, бұл да көпшілік қызығушылығын арттырды. Турнирдің мақсаты –тәжірибе алмасу, жас спортшыларды үлкен спортқа тарту.
Накадзима Юдзиро, Жапония құрамасы бас бапкерінің ассистенті:
Иә, расында біз ойынға дейін қыздарға нақты тапсырма бердік. Біз өткен жылы турнир жеңімпазы атанған едік. Сондықтан чемпион ретінде биыл да барымызды салып, тағы чемпион атануға ниттіміз. Шыны керек, алты гол, жетпіс соққы – бұл тамаша көрсеткіш Қазақстан құрамасының қақпашысы керемет ойын үлгісін көрсетті.
Арина Щеколова, Матчтың үздік ойыншысы:
Бүгінгі матч өте жақсы әсер қалдырды. Қарсылас өте қызықты команда. Мұндай шайбаларды қайтару – бір жағынан жағымды әсер, әрине. Қорғаныста ойнауда, позиция таңдауда кейбір қиындықтар болды. Қолымнан келгенше ойнадым. Жинақтау кезеңі де сәтті өтті. Біз мұнда 29-ы күні келіп, дайындықты бастадық. Барлығы жоғары қарқынмен өтті . Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтижелер көрсетеміз деп ойлаймын.
Осылайша облыс орталығы қысқы спорттың орталығына айналды. Халықаралық додаға қатысушы командалар алдағы күндері кім мықтыны анықтайды.
Талант Тұрсынов