Облыстағы дене шынықтыру және спорт басқармасы соңғы 10 айдағы жұмыстың қорытындысын шығарып, өңір спортшыларының жетістіктерімен бөлісті. Аймақ спортшыларының қоржынында 2500-ден астам медаль бар. Бұл туралы басқарма басшысы Асқар Можанов брифинг барысында мәлімдеді.

ШҚО елдің спорт саласы қарқынды дамыған өңірлердің бірі. Мұнда болашақ чемпиондар тәрбиеленіп, бұқаралық спорт түрлерінің әлеуеті артып келеді. Заманауи нысандардың қатары да жыл санап өсіп келеді. Әсіресе, ауыл-аймақтағы жастардың салауатты өмір салтын ұстаныуна, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға ерекше ден қойылып отыр.

Асқар Можанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

30 қазандағы жағдай бойынша халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылуы 1000 адамға шаққанда 51,5% құрайды. Жоспар бойынша бұл көрсеткіш 52%-ға дейін жеткізілмек. Биыл жыл соңына дейін жалпы құны 819 миллион теңгені құрайтын екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенін — Ұлан ауданының Бозанбай ауылында және Катонқарағай ауданында пайдалануға беру жоспарланғана.

Бүгінде спорттың ойын түріне жастардың қызығушылығы артқан. Соның ішінде көбі командалық емес, жеке спорт түрлеріне әуестігі ауып келеді.

Асқар Можанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Біздің өңірде ең көп таралған спорт түрлері ойынды спорт түрі. Волейболмен 2500-ден астам адам, еркін күреспен -2000-нан астам, ал футболмен шамамен 2000 бала шұғылданады. Бұған қарамастан, елімізде бокс, жеңіл атлетика және дзюдо сынды спорт түрлері де өте танымал. Жыл басынан бері облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда барлығы 2674 медаль жеңіп алды, оның ішінде 883-і – алтын, 864-і – күміс, 927-і – қола медаль.

Сонымен қатар, басқарма басшысы облыс орталығында өтіп жатқан халықаралық деңгейдегі спорттық шара туралы да айтып өтті. Өңірде алғаш рет әйелдер командалары арасында хоккейден Азия чемпионаты басталды. Оған Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея және Қазақстан құрамалары қатысуда.

Сая Жарасқызы, Руслан Абугалиев