Биыл қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев Қазақстанның стратегиялық дамуы үшін басым бағыттарды айқындаған болатын. Бұл міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Зайсан ауданы жүйелі жұмыстарды қолға алған. Елдімекеннің әлеуметтік – экономикалық даму көрсеткіштері өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы мәлімдеді.
Зайсан ауданы – әлеуметтік-экономикалық, мәдени және инфрақұрылымдық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда азаматтарға арналған орталық аурухана, 9 амбулатория, 14 медпункт, 6 жеке емхана халыққа қызмет көрсетеді. Биыл үш дәрігер жұмысқа қабылданып, 6 жас маман тұрғын үймен қамтылған. Білім беру саласы да шет қалмады. Аудандағы 28 мектепте 6000-нан аса бала оқиды. Оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. Осы жылы 300 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бүгінде Үлкен Қаратал, Саржыра ауылдарында мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ал, Жарсуда спорт модулі салынуда.
Аэлита Ахметсәлімқызы, Зайсан ауданының әкімі:
21 балабақша мен 12 шағын орталықтарда 1883 бала, мектеп алды даярлық сыныптарында 503 бала тәрбиеленуде. 3-6 жас аралығында балалар 100% мектепалды біліммен, тәрбиемен қамтылған. Ауданда 35 жасқа дейінгі жастар, аудан халқының 20,4 пайызын құрайды. Жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға барлық жағдай жасалған. Ауданда 105 спорт нысаны, 11 мәдениет ошағы жұмыс жасайды. Түрлі спорт секцияларында, екі мыңнан астам жастар мен жасөспірімдер жаттығады. Мысалы, 2025 жылдың шілде айында, ауданның футбол командасы, облыс чемпионы атағын алды.
Бұдан бөлек, ауданда жұмыссыздық мәселесі де біртіндеп өз шешімін табуда. Биылғы жылдың тоғыз айынының көрсеткішіне сәйкес 425 азамат жұмысқа орналасты. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда 52 жас маман көтерме жәрдемақы алды. Қосымша 20 маман жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.
Аэлита Ахметсәлімқызы, Зайсан ауданының әкімі:
455 жұмыссыз жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылды. 21 адам жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді. 136 жұмыссыз, Ұлттық жобалар аясында жұмысқа тартылды. Жаңа ауежайға мамандарды даярлау үшін, жәрмеңкелер өткізіліп, 30-дан артық адам Өскемен қаласына оқуға жолданды.
Биыл ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 24,6 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,5 млрд теңгеге артты. Ал, өнеркәсіп өндірісі көлемі 27,4%-ға өсіп, 7,6 млрд теңгеге жетті. Тағы бір қуантатын жайт жаңа әуежайдың ұшу – қону жолағының құрылысы толық аяқталған. Бүгінде туризмді дамыту бағытында, жеке инвесторлдармен жаңа жобалар іске асырылуда.
Гүлдана Айдарқызы