С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Цифрлық дәуірді қалыптастыру: жасанды интеллект іс жүзінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара отандық білім берудің дамуына елеулі үлес қосқан педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сәния Көбентаеваға арналды.

Конференция IT-саласының жетекші мамандарын, жасанды интеллект бағытындағы зерттеушілерді және Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының өкілдерін бір алаңға жинады. Жиында ғылым мен білімдегі цифрлық трансформация, жасанды интеллектті білім беру үрдісіне енгізу және жаңа технологиялық мүмкіндіктер кеңінен талқыланды. Бұдан бөлек, көпжылдық еңбегі мен педагогикалық мектептің дамуына қосқан үлесі үшін Сәния Көбентаева Ахмет Байтұрсынұлы атындағы медальмен марапатталды. 30 жылдан астам уақыт университет қабырғасында еңбек етіп, жас мамандарға қолдау көрсеткен ұстаз білім беру бағдарламаларын жетілдіруге айрықша үлес қосты.

Сәния Көбентаева, педагогика ғылымдарының кандидаты:

Осы вузда жүріп көптеген жетістіктерге жеттім деп ойлаймын. Алдымнан көптеген мамандарды дайындадым. Өзімді өте бақытты сезінемін. Себебі бүгінгі күні маған арнап халықаралық конференция өткізіп жатыр.

Шара барысында Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінің оқытушылары да сөз алды. Ресейлік мамандар жасанды интеллект саласындағы өз жоспарларын бөлісіп, бірлескен ғылыми жобалардың маңызын атап өтті. Олардың айтуынша, екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық ортақ білім беру кеңістігін қалыптастыруға жол ашады. Нәтижесінде, халықаралық деңгейде еңбек ете алатын білікті мамандар дайындауға мүмкіндік береді.

Евгения Жданова, Алтай мемлекеттік университетінің бірінші проректоры (Барнаул қ.):

Мен өзім де IT-саласының маманымын. Алтай мемлекеттік университетінде тек білім беру ісімен шектелмей, IT-жобаларды әзірлеумен де айналысамын. Осы халықаралық конференцияға қатысу мен үшін өте маңызды. Көп тәжірибе алдық.

Жиынға 90-ға жуық адам офлайн, 120-дан астамы онлайн форматта қатысты. Қатысушылар қатарында техникалық ғылымдардың докторлары мен профессорлар, серіктес жоғары оқу орындарының өкілдері болды.

Салтанат Адиканова, С. Аманжолов атындағы ШҚУ IT және жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің деканы:

Бұл конференцияның негізгі мақсаты қазіргі цифрлық дәуірде жасанды интелекні пайдалану, студенттердің этикалық тұрғыдан дұрыс пайдалану, және де ақпараттық базасындағы студентттер осы бағыттағы стартап жобаларын жасап жатыр.

Бақытгүл Қаленова, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ цифрландыру департаменті басшысының орынбасары (Алматы қ.):

Университетте циврландыру мәселесіне үлкен көңіл бөлініп көптеген істер жасалып жатқанына көзім жетіп жатыр. Өте қуаныштымын.

Конференция студенттердің де ерекше қызығушылығын тудырды. Болашақ IT-мамандары үшін бұл шара ғылым өкілдерімен тікелей пікір алмасуға, жасанды интеллект саласындағы нақты жобалармен танысуға үлкен мүмкіндік болды.

Әли Әбдіқадыр, ЖОО студенті:

Біз қуаныштымыз, осындай жиындар біздің университетте, пайдалы болды деп ойлаймын.

Халықаралық конференцияның ұйымдастырылуы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағыттарын белсенді дамытып келе жатқанын тағы бір дәлелдеді. Оқу орны шетелдік серіктестермен байланысын кеңейтіп, IT-мамандарды даярлауға қолайлы жағдай жасап отыр.

Бекарыс Секен