ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова өңірдегі жетекші университеттерді аралап, білім беру сапасымен танысты. Жұмыс сапары барысында оқу орнының негізгі цифрлық, білім беру және инновациялық жобаларымен танысты. Сондай-ақ, оқу орнының материалдық – техникалық базасын бағалап, оқытушы, жастармен пікір алмасты.

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованы оқу орнының үздік спортшылары қарсы алды. Спортшылардың арасында республикалық, халықаралық турнирлерде топ жарып, ел намысын қорғап жүрген талантты студенттер бар.

Қырмызы Тоқтамыс, С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті:

 Мен осы спорт түрін таңдағаным үшін осы мамандыққа түстім. Және осы спортымды жалғастырғым келеді. Және көптеген балаларды тәрбиелеп, қазақтың атын әлемге танытқым келеді.

Елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 230 мыңнан асқан. Ал Шығыс Қазақстанда олардың саны 10 мыңға жуық. Бұл мәлімет білім беру ұйымдарында инклюзиялық білім берудің қажеттілігі мен маңыздылығын көрсетеді. Осыны ескере отырып, министрліктің құрылымында алғаш рет Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті құрылған.

Гүлзат Көбенова, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:

Бұл университеттің өзінің бағыты бар негізінен педагогикалық, гуманитарлық бағыттағы университтер. Әрине бұл университетте де қаншама бастамалар бар. Соның ішінде «Серпін» бағдарламасының жақсы нәтижелерін айтуға болады. Педагогикалық бағыттағы нәтижелерді айтуға болады, инклюзия нәтижелерін.

Вице-министр оқу орнының ғылым және инновация бағытындағы жобалары, заманауи зертханалары аймақтың интеллектуалдық дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқандығын айтты. Бәсекеге, заманауи талаптарға сай мамандар дайындауда облыстың білім, ғылым саласы көш бастап тұр. 2021 жылы ашылған «Dana bala» инклюзивті білім беру орталығының іші жыл сайын жаңа жабдықтармен толығып отырады. Бүгінде аталған орталықта 12 бала білім алуда.

Мұхтар Төлеген, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:

Ішінде біз енді жаңадан құрылғылар алдық. Оның ішінде сова деген құрылғы. Томатис деген құрылғы. Польшадан әр түрлі құрылғылар алдық. Польшада Михаил Калиткин деген азамат бар. Осы ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс жасайтын халықаралық қор бар. Бұл қор Қазақстан бойынша тек қана С.Аманжолов атындағы университетпен бірлескен жоба жасайды.

Сапар барысында вице-министр университеттің «АІ СЕNTER AMANZHOLOV UNIVERSITY» жасанды интеллект орталығының ашылуына қатысты. Орталықта министрге «АL-Sana» жобасының іске асуы, студенттердің жобалары мен инновациялық сервистері таныстырылды. Олардың қатарында «АL-Ustaz» оқытушыларға оқу материалы мен контент дайындауға көмектесетін интеллектуалды агент, студенттерге анонимді қолдау көрсететін «Антибуллинг» телеграмм боты бар.

Сырым Әлімбеков, С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенті:

Біздің жоба мектептерге, колледждерге, университеттерге арналған. Не үшін десек? Информатика мұғалімдері өздерінің студенттердің немесе оқытушылардың бағдарламалау кодтарын тексеру барысында көп уақыт үнемдеуге, онымен қатар уақытылы кері байланыс беруге субьективті көзқарасты жоюға мүмкіндік береді.

Кездесуден кейін вице-министр студенттермен шағын сұхбат өткізіп, олардың білімдері мен жобаларын ұштастырудағы тәжірибелері туралы ақпаратпен танысты.

Аяулым Усинова