Шығысқазақстандық спортшы Фаина Мейірманова Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпияда ойындарында биіктікке секіруден алтын медальды қанжығаға байлады. Қазақстан намысын абыроймен қорғаған жас спортшы сайыс рекордын жаңартты. Спортшыны Өскемен әуежайынан туған –туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды.
Жапония астанасы Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпия ойындарына 81 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы сапныда 78 спортшы 8 спорт түрі бойынша сынға түсті. Командалық есепте жерлестеріміз үздік бестіктің қатарынан көрінді. Спортшылар 8 алтын, 4 күміс және 13 қола медаль еншіледі. Аймақтың 7 спортшысы ұлттық құрама сапында өнер көрсетті. Солардың бірі - Фаина Мейірманова. Ол байрақты бәсекеде алтын медальды қанжығаға байлаған.
Фаина Мейірманова, XXV жазғы сурдлимпияда ойындарының жеңімпазы:
Сайыс тартысты өтті.Қарсыластарым бұл сынға тыңғылықты дайындықпен келгені бірден байқалды. Бұл додада ең алдымен өз қорқынышымды жеңіп, ішкі толғанысыммен күрестім.Осылайша, жоғарғы нәтижеге қол жеткіздім.
Жеңіл атлетикадан Фаина Мейірманова биіктікке секіру сайысында 1 метр 79 сантиметрді бағындырып, Сурдлимпиада чемпионы атанып, рекордт жаңартты. Бұған дейін рекорд Белорусь спортшысы Маргарита Хралкоға тиесілі еді. Ол 2013 жылы Болгарияда өткен Сурдлимпиадада 1 метр 75 см бағындырған.
Богдан Весельский, жаттықтырушы:
Сурдоолимпиадада төрт жылдың ішіндеайтарлықтай өрлеу байқалды. Спортшылардың барлығы мықты дайындықпен келгені көрініп тұр. Біздің спортшылар мемлекет қолдауы мен дайындық нәтижесінде жоғары деңгейде өнер көрсетті. Алматылық Нұрсұлтан Кульдеев көпсайыста қола медаль иеленді. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта Антон Шадрин де биік белестен көрінеді деп ойлаймын.
Өскемен әуежайында Фаина Мейірманова мен Антон Шадринді туған-туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды. Салтанатты шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов қатысты. Басқарма басшысы жеңімпаздарды құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.
Асқар Можанов, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Сурдлимпиада мен Паралимпиада ойындары жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына теңестірілген. Сондықтан бәсекелестік те жоғары. Фаина Мейрманова биіктікке секіруде жеке рекордын жаңартып, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды. Бұл әрине мақтанарға тұрарлық. Өңір спортшыларына барынша қолдау көрсетіп келеміз. Олар біздің мақтанышымыз.
Жас спортшылардың бұл жолғы жеңісі ел абыройын тағы бір мәрте асқақтатты.
Нұртас Қайролдаев