Ұландықтарда қос қуаныш! Ұлан ауданында бір күнде екі маңызды әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. Соның бірі –Бозанбай ауылында ашылған оңалту орталығы. Кешен – мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Ал, Жанұзақ ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Маңызды шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.

Спорт нысаны облыстық білім басқармасының тапсырысы бойынша салынған. Жобаның жалпы құны – 101,8 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер — «Древстроймаркетинг» ЖШС жүргізсе, авторлық қадағалауды «Олжапроект» ЖШС жүзеге асырған. Ал техникалық қадағалауды «Фирма ТСС» компаниясы қолға алған.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Ата-бабамыз ежелден «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Осы спортпен шұғылданатын балаларымыздың көңіл-күйі жоғары, білімге құштарлығы артып, денсаулығы мықты болып, еліміздің болашақ мықты азаматтары болып өсуі жолында бұл орталықтың беретіні көп. Қанша жылдар бойы осыны ойладық. Мұны салар кезде мердігерлерге ауыл тұрғындары көмектесіп, бүгін осының жемісін көріп отырмыз.

Жалпы аумағы төрт жүз шаршы метрден асатын спорт кешені оқу-жаттығу сабақтарын өткізуге арналған. Ғимаратта холл, дәліз, жаттықтырушы кабинеті, қыздар мен ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, душ және санитарлық тораптар қарастырылған. Спорт залы заманауи құралдармен жабдықталған.

Кәусар Аманкельдина, мектеп оқушысы:

Бізде спорт зал бұрын-соңды мүлдем болмаған. Осы жаңа жылда спорт зал сыйлағандарына өте қуаныштымыз. Біз енді осы жерде жаттығамыз. Өзіміздің өнерлерімізді көрсетеміз. Салауатты өмір салтын ұстанамыз.

Жанұзақ ауылының іргесі 1961 жылы қаланған. Тарихы терең ауылда өніп-өскен, көнекөз қариялардың көбі әлі осы ауылда. Ардагер ұстаз – Зинаят Сабырова осынау қуанышты күнді ауыл халқы боп көп күткендерін айтады.

Зинаят Сабырова, ардагер ұстаз:

Бүгінгі қуанышымызға ортақтасып келген барша адамдарға рахметімді айтамын. Біздің ауылдан шыққан атақты адамдар өте көп. Мысалы, 70 жылдары спорт минситрі болған Алик Құланзаров, оқу министрі Күлаш Құнантаева. Әншілер атақты, жазушылар, ақындар шыққан. Соның жалғасын бүгінгі ұрпақтар береді деп сенеміз.

Бұдан бөлек, республика бойынша ауылды жерлерде әлеуметтік және инклюзивті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «BAQUATTY AIMAQ» бастамасы жүзеге асуда. Жоба аясында Бозанбай ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ, «Baquatty Aimaq Qory» жүзеге асырды. Орталықтағы стационарда бір күнде 50 балаға дейін қызмет көрсету жоспарланған.

Альфия Әдиева, «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры:

Бұл біздің 55-ші орталығымыз «Самұрық-Қазына» компаниялар қорының атынан ашылған. Соңғы 2-3 жылда Қазақстанның барлық аймақтарында оңалту орталықтарын ашып келеміз. Бұл үш түрлі бағыттағы оңалту орталықтары. Бірінші – ерте араласу, екінші 18 жасқа дейінгі, үшінші – аутизмі бар балаларға. Айнала оңалту орталығы – Қазақстандағы алғашқы жобалардың бірі... ашудамыз.

Оңалту орталығында аутизм спектріндегі бұзылыстары, менталдық және психоневрологиялық патологиялары бар балаларға көмек көрсетіледі. Бозанбай ауылында барлығы 109 ерекше бала бар. Олардың ата-аналары жасалып жатқан жұмыстар мен жаңа мүмкіндіктерге дән риза.

Эльмира Оңғарбаева, Бозанбай ауылының тұрғыны:

Осы орталықтың ашылуына белсене атсалысқан қор демеушілеріне шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, облыс әкіміне және еліміздің Президентіне көрсеткен қолдауы мен инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлгені үшін ризамын. Балаларымыздың осы орталықта білім алып, дамуына жаңа мүмкіндіктер жасалынып жатыр.

Балалар енді шығармашылықпен айналысып, робототехникамен танысып, сенсорлық және әлеуметтік дағдыларын дамыта алады. Мұнда емдік жаттығулар мен ойын, тұзды және шунгит бөлмелері бар. Сонымен қатар, ағаш өңдеу, тігін, қыш өнері кабинеттері де қарастырылған.

Фатима Тілейханқызы