2026 жылға да санаулы күн қалды. Жаңа жылға дайындық барлық жерде қарқынды жүріп жатыр. Осы орайда түсірілім тобы келер жылдың иесі саналатын жылқы жануарымен жақынырақ танысып қайтты. Киелі жануардың күнделікті күтімі қандай? Атты қалай дұрыс баптаған жөн? Толығырақ тілші бейнематериалында.

Ат спортының тарихы бай және әлі күнге дейін әлемде танымал. Қазіргі таңда осы спорт түрімен айналысатындар да көп. Мысалы, Александра Ден жеті жасынан бастап жылқыға мінеді. Алғашқы тұлпарын атасы сыйлаған. Ал, қазіргі таңда бапкер ретінде онға жуық баланы жаттықтырып, ат спортына баулып жүр. Қорасында әртүрлі тұқымдағы 14 жылқы бар.

Александра Ден, ат спорты клубының негізін қалаушы:

Күнделікті жаттығу алдында біз алдымен ат қорасын тазалаймыз. Бұл аттың жайлылығы үшін өте маңызды. Қоректендіру де назардан тыс қалмайды. Жылқының алдына көбінесе шөп, сұлы, қойылады. Суды да уақытылы беру керек. Осындай қарапайым, бірақ маңызды күтім арқылы жылқыларымыз бабында болады.

Бұл жерде балалар бірнеше бағыттар бойынша жаттығады. Әсіресе, иппотерапия сабағына қызығушылық мол. Келген оқушыларға оқу-жаттығу үдерісі тек атқа мінумен шектелмейді. Әрқайсысы жылқыларды өздері күтіп-баптайды. Соның арқасында балалар жауапкершілікке үйренеді.

Вера Кузьмина, спортшы:

Мен ат спортымен бір жылдан бері айналысып келемін. Біз бірнеше жарыстардан жүлделі орындарға ие болдық.

Эва Ларионова, спортшы:

Менің жылқымның аты - Ангуст. Біз бір бірімізге сенеміз. Жылқымның мінезі де бар, одан қорықпау керек.Сонда ғана атқа мініп үйрене аласыз. 

Жылқы киелі жануар, еркіндік пен күштің символы ғана емес, тұрмыс пен дәстүрдің ажырамас бөлігі. Қазақ халқы оны жеті қазынаның бірі санап, ерекше қадір тұтқан. Жаңа жыл қарсаңында бұл ат спорт клубы да тұлпарларға ерекше көңіл бөлді.

Бекарыс Секен