Глубокое ауданына қарасты Белоусовка ауылында жаңа жылдық атмосфера орнаған. Күн өткен сайын көшелер өзгеріп, жарық пен жылылыққа, мерекелік көңіл-күйге бөленуде. Тұрғындар өз аулаларын ерекше ықыласпен безендіріп, жүрек жылуы мен қиялын қосып, туған мекендерін нағыз қысқы ертегі әлеміне айналдырды. Бұл мерекелік өзгерістер «Белоусовканың ең сәнді көшесі мен ауласы» атты байқау аясында өтті.

Байқауға ересектер де, балалар да белсене қатысып, әрқайсысы ортақ іске өз қиялын қосты. Тұрғындар аулаларда тұтас мерекелік композициялар жасап, қардан ертегі мен мультфильм кейіпкерлерін мүсіндеді. Үйлер мен ағаштарды түрлі-түсті шамдармен, жылтырауықтармен безендіріп, сәнді шыршалар орнатылды. Қатысушылардың айтуынша, бұл байқауда басты мақсаты – жеңіс емес, ең маңыздысы көршілер арасындағы бірлікті көрсету және Белоусовка тұрғындарына қуаныш пен ғажайыпқа толы жаңа жылдық көңіл-күй сыйлау.

Ольга Антонова, Белоусовка ауылының тұрғыны:

Бұл жұмысқа шамамен бір айдай уақыт кетті. Балаларымызбен бірге кешкісін жиналып істедік. Құрастырдық, боядық, әрледік. Әрине, ауа-райына байланысты біраз қиындықтар болды. Жаңбыр жауып еріп кетті, біз қайта түзеттік, кейін қар жауды, күн сайын тазалап отырдық. Соған қарамастан, осындай нәтижеге жеттік. Жалпы, біздің аула өте белсенді, әрдайым таза ұстауға тырысамыз. Егер жеңіске жетсек, әрине қуаныштымыз, ал болмаса да ренжімейміз. Ең бастысы — мерекелік көңіл-күй сыйлай алдық.

Күн батқан уақытта мерекелік көңіл-күй ерекше сезілді. Ауылда жарқыраған жарықшамдар жағылып, аулалар жанданып, жылылық пен жаңа жылдық ертегі атмосферасына толы ғажайып мекенге айналады.

Анатолий Ташниченко, Белоусовка ауылының әкімі:

Біз алғаш рет осындай байқау ұйымдастырдық. Соған қарамастан, тұрғындар бастаманы өте жақсы қабылдады. Көптеген аулалар безендірілді. Мысалы, Юбилейная 13, Юбилейная 20, Юбилейная 2, Ларионова 2, Жукова 20 және басқа да үйлер. Кешкі уақытта серуендегенімде, тұрғындар осы байқауды ұйымдастырғанымыз үшін алғысын білдіріп жатады. Себебі бұл бастама тұрғындардың ауызбіршілігін арттырады.

Байқау комиссиясы үшін жеңімпаздарды анықтау оңай болған жоқ — таңдаудың өзі күрделі болды. Әр аула өзіндік идеяларымен, креативті көзқарасымен және өз мекенін көркейтуге деген шынайы ниетімен ерекшеленді. Қорытынды бойынша үшінші орынды Юбилейная көшесі 2-ші үйдің тұрғындары иеленді. Екінші орын Ларионов көшесі 2-ші үйге бұйырды. Ал бірінші орынға Юбилейная көшесі 13 үйінің тұрғындары лайық деп танылды.

Талант Тұрсынов