Өңірде жаңа жылдық шаралар легі жалғасуда. Атаулы күнге орай ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің қызметшілері 104 жастағы соғыс және еңбек ардагері Анастасия Светочеваға барып, мерекемен құттықтады.

Анастасия Павловнаның тағдыры – жас ұрпақ үшін ерлік пен батырлықтың нағыз үлгісі. Ұлттық ұланның 3477 әскери бөлімі соғыс ардагері Анастасия Светочеваның шаңырағына барып, майдангердің хал-жағдайын біліп қайтты. Әскерилер оның жеңіске қосқан баға жетпес үлесі, кейінгі ұрпаққа көрсеткен табандылықтың таптырмас үлгісі үшін алғыс білдіріп, ардагерге сый-сияпаттарын табыстады.

Денис Шемет, ҚР ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

Анастасия Павловна біз үшін анамыздай болып кетті. Бұл жай ғана құттықтау емес, ардагерімізге деген құрмет пен тағзымның белгісі. Ол өзі арқылы шынайы патриотизмді, рухтың мықтылығын және Отанға деген сүйіспеншілікті көрсетіп келеді. Біз дәл осындай жандардан үлгі алуымыз керек. Сол арқылы балаларымыз бен болашақ ұрпақ үшін жарқын болашақ қалыптастырамыз.

 «Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежелі кавалері Анастасия Светочева әскери байланысшы болған. 104 жастағы кейуананың қимылы әлі тың. Соғыстағы жерлестерінің ерлігін әлі естен шығармаған. Ол өзін құттықтап келген әскери қызметшілерге алғысын білдірді.

Анастасия Светочева, соғыс ардагері:

Барша қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын! Барлығына жаңа жетістіктер мен бақыт, зор денсаулық тілеймін. Отбасыларыңызда береке мен бірлік болсын. Елімізде бүгінгідей тыныш өмір, бейбіт күн мәңгі сақталсын!

Ардагерге көрсетілген құрмет-өткенге тағзым, келер ұрпаққа үлгі. Ұландықтардың бұл игі бастамасы жас буынға отансүйгіштік пен адамгершілік құндылықтарын дәріптеудің жарқын көрінісі.

Фатима Тілейханқызы