Облыс орталығында Жаңа жыл мерекесі сән-салтанатымен бастау алды. Көпжылдық дәстүрге сай, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұйымдастырылған басты мерекелік кеш Республика алаңында өтті. Мұнда кең ауқымды музыкалық-театрландырылған бағдарлама көрермен назарына ұсынылды.

Жаңа жыл түні Өскеменнің жүрегі саналатын Республика алаңы ерекше кейіпке енді. Алаңда орнатылған сахна, жарқыраған шамдар мен әсем безендірілген шырша мерекелік көңіл-күйді айшықтай түсті. Бұл кеште қала тұрғындарына арналған музыкалық-театрландырылған бағдарлама ұйымдастырылды.

Дәурен Әбенов, ШҚО филармониясы директорының орынбасары:

Сүйікті қаламыз Өскеменнің орталық алаңында баршамыз Бірге Жаңа жылдық кешті тойлап жатырмыз. Енді биылғы Жаңа жылдық кеш ерекше өтіп жатыр. Үйткені қаламыздың алты жерінде барша халықтың көңілін көтеріп, осындай әдемі кештер өтіп жатқан жайы бар. Қазір баршамыз өздеріңіз көріп тұрғандай орталық алаңдамыз. Кеш өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Келіп жатқан халықтың да көңіл күйі өте көтеріңкі. Көп халық жиналды. Өздеріңіз көріп тұрғандай бүгінгі кеште ертегілер кейіпкерлері біздің халықпен бірге естелікке фото суреттер жасап жатыр.

Жаңа жылдық қуаныш тек Республика алаңымен шектелмеді. Бір мезетте қаланың бірнеше аумағында - «Өскемен» аллеясында, Үлбі өзенінің жағалауында, Комендантка мен Защита шағын аудандарында, сондай-ақ Ахмер кентінде де мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды. Республика алаңындағы басты мерекелік кешке Шығыс Қазақстан облысының әкімі қатысып, ұйымдастырылған бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар қала әкімі де кештің куәсі болды.

Мерекелік кештің шарықтау шегінде жиналған жұртшылық Мемлекет басшысының Жаңа жылдық құттықтауын тікелей эфирден көрді. Бұдан соң, мерекеге жиналғандар дәстүрлі отшашуды тамашалады.

Талант Тұрсынов