Облыс орталығында волейболдан жасөспірім ұлдар арасында Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты басталды. Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен жиналған 34 үздік команда қатысады.

Жарыста 2009–2010 және 2011–2012 жылы дүниеге келген спортшылар бақтарын сынайды. Байрақты бәсекеге Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен елдің 17 облысынан келген жас өрендер жиналды.

Болатбек Даумов, Облыстық волейболдан мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры:

Бұл чемпионатқа барлық командалар жоғары дайындықпен келді. Барлығы 500 ден астам спортшы, 30-дан астам тренер, 40-тан астам тренер.... Жақсы спортшыларды іріктеп алып, Азия чемпионатына жарысқа апарады.

Турнирде жалпы саны 512 спортшы бақ сынап, оларға 68 бапкер жетекшілік етеді. Сонымен қатар, жарыстың әділ өтуін 34 төреші қадағалайды. Өңір мерейін асқақтатып жүрген аймақ спортшылары кезең-кезеңімен ойын турларын сәтті өткізіп келе жатқандарын айтады.

Нұрасыл Тұраров, жарысқа қатысушы (Өскемен қ.):

Жарысқа дайындық жақсы. Осы Өскемен қаласы «Жас Берел» волейбол клубы атынан ойнаймыз. Осы екінші тур бітті. Результат жақсы. Бірінші турда да жақсы. Жақсы ойнап келе жатырмыз.

Тартысты волейбол бәсекесіне келген командалар белсенді. Талмай еңбек етіп, өзін шыңдаған топ жеңіске жетеді, дейді қатысушылар.

Ерсін Асылхан, жарысқа қатысушы (Астана қ.):

Күні-түні тренировка жасаудамыз. Ұтамыз деген үміттеміз. Жалпы, ҚР Чемпионатына келген қатысушыларға сәттілік!

Асылжан Қарсыбаев, жарысқа қатысушы (Шымкент қ.):

Бұл жарысқа деген дайындық өте жақсы болды. Шымкентте біраз уақыт дайындалдық. Сбор болды. Жеңістен әрине үміттіміз. Ағайлар, бапкерлер мен ата-анамыздың үмітін ақтау керекпіз.

Республикалық чемпионат 4–11 қаңтар аралығында өтеді. Бапкерлер бұл жарыс арқылы ұлттық құрама команданың іргетасы қаланып жатқанын жеткізді.

Биғали Жұмағазиев, жаттықтырушы (Атырау қ.):

Өте жақсы дайындықпен келдік. Жолшыбай Астанада дайындық жасадық. Келгенде Өскемен қаласымен жолдасдық кездесу өткізген болатынбыз. Өзім 20 жылға жақын Ұлттық құрамда жоғары лигада ойнадым. Сол кезден Өскеменге 100 рет келген болармын. Өскеменге ризамын. Жақсы қарсы алады. Волейболға үлесі өте зор.

Республикалық чемпионат жас волейболшылардың шеберлігін шыңдап, болашақ ұлттық құраманың резервін қалыптастыруға бағытталған.

Фатима Тілейханқызы