Күн сайын жол үстінде жүздеген автобус түрлі бағытта қатынайды. Қоғамдық көлік жүргізушісі жолаушылардың қауіпсіздігіне жауап беретін күрделі әрі жауапты жұмыс. Мұнда кез келген күтпеген жағдайға жедел әрекет ете білу маңызды. Сондықтан, бұл салаға бар өмірін арнау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Арна тілшісі саналы ғұмырын жол үстінде өткізген еңбек адамының жұмысымен танысып қайтты.

Жарты ғасырға жуық ғұмырын жолаушыларды тасуға арнаған Ризабек Сахариевтің жұмыс күні жол парағын алудан және міндетті медициналық тексеруден өтуден басталады. Жолға шықпас бұрын ол автобустың техникалық жағдайын мұқият тексеріп, ұсақ-түйек ақауларды өзі ретке келтіреді. Әскерден келе сала көлік тізгіндеп, сүйікті ісімен айналысып жүргенде 45 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамаппын дейді.

Ризабек Сахариев, қоғамдық көлік жүргізушісі:

83 жылы армиядан келгенде Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында ауыл арасындағы автобустан бастадым. Ол кездегі автобустар ПАЗ, еңбек жолын сол жақтан бастадым.

Бұл қоғамдық көлік кейіпкеріміз үшін екінші үйіне айналған. Әр сапардан өзіне түйер әсері мол.

Ризабек Сахариев, қоғамдық көлік жүргізушісі:

Әсіресе қысты күні ғой, жолда боран болады. Жолдарды алып қалады. Күрек, лом, (подсыпка) құм, бәрін аламыз, дайындалып. Автобуста жүру бөлек адамға шабыт береді. Қаншама халық отырады. Солардың көңілін табу керек. Бес саусақ бірдей емес дейді ғой әр адамның мінезі болады. Соның бәрінің көңілін таба білу керек.

Күнделікті жүздеген жолаушыны тасымалдап, олардың қауіпсіздігімен қатар көңіл күйлерінің жайлы болуына да жағдай жасайды.

Ерболат Шакенов, жолаушы:

Өскеменнен Ақжарға жол жүріп барамыз. Жол шамамен 5–6 сағатқа созылады. Ыңғайлы, іші жылы әрі жайлы болғандықтан автобуспен жүріп жатырмыз.

Алыс сапарға аттанғанда рөлге екі жолсерік кезектесіп отырады. Тәжірибелі жүргізуші бар білгенін жастарға үйретуден жалықпайды.

Бақытжан Қабдуалиев, қоғамдық көлік жүргізушісі:

Осы кісінің арқасында ұзақ жолға шығып, тәжірибе алып жүрміз. Осы кісі үйретті. Менің істегеніме 10 жылдай болды. Біз ұзақ жолда көп жүреміз. Сондықтан да, жолсерік деген әрқашан да бір біріміздің мінез-құлқымызды біліп, табиғаттың, ауа-райының қолайсыздығы көбінесе қысты күндері жол жабылып қалады, сондай қиындықтар болады. Ұзақ жолда қиындықтар туындап тұрады.

Мұндай салаға бар өмірін арнаған еңбек адамы қашан да қадірлі. Мамандығына адалдығы мен көпжылдық еңбегі еленіп, Ризабек Сахариев былтыр «Көлік саласының үздік қызметкері» құрметті атағына ие болды.

Қымбат Иманғали