Шекара маңында орналасқан Марқакөл ауданында күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін №31 өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Бөлімшенің автопаркі 8 бірлік заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасымен толықты. Салтанатты жиынға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов арнайы келді.

Нысанның ашылуы – республика көлемінде өрт сөндіру бөлімшелерін жаңғыртуға бағытталған кешенді жобалардың бір бөлігі. Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы және азаматтық қорғау қызметінің ардагерлері қатысты. Жиында құтқарушылар қоры жеке құрамға жаңа киім мен арнайы аяқ киім сыйлады. Ал, Марқакөл ауданының тұрғындарына өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында түтін датчиктері таратылды.

Шыңғыс Әрінов, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

Осы шалғай жерге нысанды қаладан, елордадан кем емес болуы керек деп талап қойдық. Бұл стандартпен алға жылжитын боламыз. Келесі шалғай аудандарға кіретін боламыз. Алдағы уақытта төтенше жағдайлар нысанын мен ойлаймын жақсы күйге жеткіземіз.

1995 жылы салынған бөлімше қазіргі заман талаптарына сай келмейтін ғимаратта орналасқан еді. Күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін ескі нысан толықтай жаңартылып, заманауи өрт сөндіру депосына айналды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл ашылу жай ғана жаңа ғимараттың жаңғыртылуы, болмаса жаңа техника емес, бұл оқиға елдің ертеңге деген сенімінің артуы. Жергілікті жерде қауіпсіздік деңгейінің жоғарғы деңгейге көтерілуін қамтамасыз ету.

Өрт сөндіру бөлімінде демалыс бөлмелері, оқу сыныптары, «Batyr team» спорт залы бар. Бұдан бөлек, депо газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, замануи жабдықтар мен арнайы киімді сақтайтын қойма, кезекші және диспетчерлік үй-жайлар, техникаға арналған бокспен толық жабдықталған. Бұл басқаруды орталықтандырып, жедел әрекет ету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Алик Сәттібаев, Марқакөл ауданының тұрғыны:

Осы өрт сөндіру бөлімінде 1995 жылдан бастап жұмыс істегенмін. 2011 жылы зейнетке шыққанмын. Содан бері осы ауылда тұрамын ауданымыз көркейіп, осындай мекемелер салынғанына қуанамыз. Арманымыз болған кезінде.

Жаңа өрт сөндіру депосы 23 елді мекенге қызмет көрсетіп, 7 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Шара соңында министр қызмет барысында ерекшеленген мамандарға алғыс хаттар табыстады.

Фатима Тілейханқызы