Өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиынға ақын-жазушылар, журналистер, мәслихат депутаттары және қоғам қайраткерлері қатысты. Мәжіліс депутаты Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған өзгерістердің негізгі бағыттарына тоқталып, олардың қоғам дамуы үшін маңызын атап өтті. Кездесу барысында Мәжілісте қабылданып жатқан жаңа заңдар мен «AMANAT» партиясы фракциясының атқарған жұмыстары туралы кеңінен ақпарат берілді.
Парламент сессиясында 100 заң мақұлданса, ішіндегі жиырма алтысы депутаттардың бастамасымен қабылданған. Бұдан бөлек, сессияда 5 кодекс қабылданды. Заңдар топтамасына су, салық, бюджет, цифрлық бағыттарды қамтыған кодекстер бар. Ең маңыздысы – бюджет кодексі. Оны қабылдау барысында елімізде шешілмей тұрған түйіткілді мәселелерге ден қойдық, дейді мәжіліс депутаты. Жиынға қатысушылар депутатқа әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылым, жұмыспен қамту және ауылдарды дамытуға қатысты сауалдарын қойды. Алаңда көтерілген әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен өзекті сұрақтарға халық қалаулысы нақты жауап беріп, бірқатар ұсыныстарды бақылауына алатынын жеткізді. Мұндай кездесулер халықпен тікелей байланыс орнатып, өңірлердегі мәселелерді заң шығару деңгейінде көтеруге мүмкіндік береді.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл жерде ШҚО-ның әлеуметтік –экономикалық дамуын тездету үшін не істеу керек? Сонымен қатар, халықтың тұрмыс-тіршілігін дамыту үшін не істеу қажет? деген сұрақтар айтылды. Осы сұрақтың барлығына протокол жасалады.«AMANAT» партиясының орталық кеңесіне барады. Сол жерде біз депуттар және үкімет болып осы мәселелерді шешудің механизмдерін жасайтын боламыз.
Кездесу барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, әлеуметтік сала, мәдениет пен ақпарат кеңістігін дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Мәжіліс депутаты айтылған ұсыныстардың заң шығару қызметінде ескерілетінін атап өтті.
Фатима Тілейханқызы