Жалпы дүниежүзінде қатерлі ісіктің екі жүз елуден аса түрі бар. Соның ішінде өкпе қатерлі ісігі – ең көп таралған қауіпті аурулардың бірі. Дүниежүзілік статистикаға сәйкес, бұл дерт онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің алдыңғы қатарында тұр. Мамандардың мәліметінше, өңірде 2025 жылы 2400-ге жуық адам онкологиялық ауру бойынша диспансерлік есепке алынған. Соның ішінде өкпенің қатерлі ісігі үшінші орында тұр.
Облыс бойынша былтыр өкпенің қатерлі ісігі диагнозы 250 адамға қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, аурудың негізгі факторларының бірі – ұзақ жылдар бойы темекі шегу. Сондықтан, мамандар дерттің алдын алу үшін зиянды әдеттерден бас тартып, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп тұруға кеңес береді.
Бекзат Мұқадиева, Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы директорының орынбасары м.а.:
Статистика бойынша ШҚО-да 2025 жылы жалпы 2400-ге жуық бірінші диспансерлік есепке алынған науқастар. Соның ішінде өкпенің қатерлі ісігі үшінші орында тұр. Яғни, 250 науқас бірінші есепке алында осы ауру түрімен. Негізгі фактордың бірі – шылым шегу. Көбінде, біздің статистика бойынша ер адамдар арасында 25-30 жылдан астам шылым шегетін ер адамдар арасында бұл ауру жиі кездеседі.
Өкпе - тыныс алу жүйесінің маңызды органы. Ол оттегінің ағзаға енуіне және көмірқышқыл газын шығаруға жауап береді. Ісікті диагностикалау - рентгенография, компьютерлік томография, биопсия сияқты түрлі әдістерді қамтиды. Өкпенің қатерлі ісігін емдеу аурудың сатысына байланысты жүреді. Яғни, ісікті хирургиялық еммен алып тастайды. Болмаса ем шара химиотерапия, сәулелік терапия және иммунотерапияны қамтуы мүмкін.
Әділбек Баймұсанов, Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының хирург – онкологі:
Мұның алдын алу үшін бізде профилактикалық төмен дозалы компьютерлік томография жүргізіледі. Оның арқасында ісікті кіші мөлшерде анықтау мүмкіндігі туады. Ең бастапқы сатысында анықталған жағдайда тек ғана хирургиялық еммен ғана шектеліп кетуге мүмкіндік бар. Қазір орталықта хирургиялық емнің замануи түрлері қолданылады. Ол ашық түрдегі және кіші инвазивті операциялық емдер қолданылады.
Тұрақты медициналық тексерулер мен скрининг ауруды ерте сатысында анықтауға көмектеседі. Салауатты өмір салтын сақтап, зиянды әдеттерен аулақ болу қатерлі дерттен сақтанудың негізгі алғышарты.
Фатима Тілейханқызы