Өңірде жылыту маусымы басталғалы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары пешпен жылытылатын 60 мыңға жуық жеке тұрғын үйді тексерді. Уақтылы жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде 16 мыңнан астам заңбұзушылық анықталған.
Әлеуметтік осал санатындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖД қызметкерлері тұрғын үйлерге 489 көмірқышқыл газының деңгейін анықтайтын дабыл құрылғысын орнатқан.
Дина Бексұлтанова, Өскемен қ. ТЖБ бас маманы:
Тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, мұржаны, пешті уақтылы тазалауға, оның жанына жанар-жағармай және тез тұтанатын заттарды қоймауға шақырамыз. Пеш мұржасын кемінде үш айда бір рет, ал күнделікті пайдаланатындар екі айда бір рет тазалауы қажет.
Төтенше жағдайлар басқармасы мамандары қарапайым ережелерді естен шығармауға кеңес береді. Пеш алдына міндетті түрде қаңылтыр төселуі тиіс. Ал ыстық күлді кез келген жерге төгуге болмайды, оларды арнайы орынға апарып, үстіне су құю қажет. Пештің дұрыс орнатылуы да аса маңызды. Ол жанғыш заттардан қауіпсіз қашықтықта тұруы керек. Мамандар аязды күндері пешті күніне 2-3 реттен артық жақпауға кеңес береді.
Қымбат Иманағали