Апта басында қыс қаһарына мініп, бет қаратпайтын қарлы боран басталды. Осыған байланысты, Қазгидрометтің шығыстағы филиалы дауылды ескерту жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, өңірде кешке және түнде ауа райы тосын мінез танытуы мүмкін. Облыстың басым бөлігінде қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғып, кей аумақтарда екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді. Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды алыс жолға шықпауға шақырады.

Нұрасыл Болатқанұлы, облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының аға инженері:

ШҚО дауылды ескерту. Көктайғақ, боран, бұрқасын күтілуде. Мұндай жағдайда сіздерді елді мекенді тастап кетпеуіңізді сұраймыз. Өмірлеріңізді қатерге тікпей, сапарларыңызды кейінге қалдыруларыңызды сұраймыз. Қазіргі уақытта кейбір бағыттар жабық. Ауа-райы және жолдардың жағдайы туралы ақпаратты ТЖД инстаграмм парақшасынан, «Дәрмен» тегін мобильді қосымшадан біле аласыздар.