Ақжар ауылында өрт сөндіру бекеті салынады. Аудандағы Төтенше жағдайлар бөлімі сонау 1985 жылы салынған бейімделген ғимаратта орналасқан. Нысан бұрын тұтынушылар одағының қарамағында болған көрінеді. Ғимарат тозғандықтан арнайы техниканың бір бөлігі аулада тұр.Сондықтан жедел жаңа бөлім салу қажет.Бұл туралы аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров жұмыс сапарымен Тарбағатай ауданына жасаған сапарында айтты.

Тарбағатайға жұмыс сапарымен барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров аудандағы азаматтық қорғау саласындағы бірқатар нысандардың жай-күйін тексерді. Ақжар ауылында орналасқан №15 өрт сөндіру бөлімі 1985 жылы салынған бейімделген ғимаратта орналасқан. Нысан бұрын тұтынушылар одағының гаражы болған.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Әлбетте салуымыз керек. Себебі онсыз болмайды. Адамдардың өмірі, мүлкі, қоршаған ортаның қауіпсіздігі басым бағыттардың бірі.Әдейі өз көзіммен көрдім. Ремонттауға келмейді.

Мамандардың айтуынша, қазіргі ғимараттың әбден тозығы жеткен.Бекітілген талапқа сай емес. Осыған байланысты аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жаңа өрт сөндіру бекетін салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, құрылысқа қажетті жер учаскесін белгілеген. Жобаға сәйкес, болашақ нысанда арнайы техникаға арналған кең бокстар, қызметкерлердің жұмыс бөлмелері мен төтенше жағдайға тап болған азаматтарды уақытша орналастыратын 50 орындық демалыс аймағы, асхана қарастырылған.

Облыс әкімі өңірдегі шекаралық аудандарды дамыту ісі қарқынды жүзеге асырылатынын айтты. Мәселен, ауданға қарасты Сарыөлең мен Тәуке ауылдарында жаңа мектеп қолданысқа берілген болатын. Сарыөлеңдегі білім ошағының құрылысы сәуір айында басталып, желтоқсанда аяқталған. Жоба құны 550 млн.теңге. Мектеп 50 орынға шақталған. 27 бала білім алады. Жалпы саны 20 адам жұмыс істейді. Білім ошағында шағын орталық бар. 100-ге жуық тұрғыны бар ауыл үшін білім ошағының салынуы қуанышты жайт.

Нұргүл Мұхаметжанова, Б.Момышұлы атындағы негізгі орта мектебі директорының м.а.:

Біздің ауылда үлкен қуаныш биыл. Жаңа мектеп ашылып, 50 балаға арналған.Шағын орталығы бар. Жаңа мектеп пайдалануға берілді. Біз өте қуаныштымыз. Мектебіміз өте жылы. Заманауи жағдайда жасалған.Барлық жағдайлар бар.

Аймақ басшысы өңірдегі шекаралық аймақты дамыту жұмысы кезең-кезеңімен іске асырылатынын айтты. Сөз соңында өңір басшысы мектепке интерактивті панель сыйға тартты. Осындай үлгідегі тағы бір жаңа білім мекемесі – шығыстан шыққан Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың есімі берілген негізгі орта мектеп – Қабанбай ауылдық округіне қарасты Тәуке ауылында орналасқан.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан Облысының әкімі:

Мемлекет басшысы әрдайым біздің алдымызға, үкіметтің алдында үлкен тапсырмалар қойып жатыр. Соның бір нәтижесі осындай шеткі ауылдарға жаңа мектеп салу.Сіздер өз кезектеріңізде балалардың жаңа мектепте жаңаша оқу керек, тек беске оқу керек, арасында төртте болады. Сол балаларға тәрбие беріп, еңбекке баулып, әділетті қазақстанды, Жаңа Қазақстанның азаматтары қандай болу керек немерелеріңізге, балаларыңызға жақсылап үйретіңіздер. Сабақтарын жақсы оқысын.

Тәуе ауылынан соң аймақ басшысы Ақжар ауылына ат басын бұрды. Аудан орталығындағы Қыдырбек Билялов атындағы мектеп-лицейінің жай-күйімен танысты. Оқу орны типтік жоба негізінде салынған, жобалық қуаты 357 оқушыға арналған. Білім беру нысаны 1983 жылы пайдалануға берілген. Мектеп директоры Әлмира Шағыраеваның айтуынша, қатты отынмен жылытылатын бұл ғимаратқа қырық жылдан астам уақыт болған. Ғимараттың тозығы жеткендіктен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов оқу ордасының ұжымымен кездесуде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, қажетті шығын көлемін нақты анықтау керектігін айтты.

Тарбағатай ауданында екі ауылдың медициналық инфрақұрылымы өзекті мәселеге айналып отыр. Қарасуда балабақша ретінде салынуы тиіс болған ғимарат аяқсыз қалып, бүгінге дейін бос тұр. Аудан басшылығы оны сатып алып, амбулатория ашуды көздейді. Ал Қабанбай ауылында1982 жылы салынған ескі амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу тиімсіз. 36 адамға арналған шағын ғимарат қазір екі мыңнан астам тұрғынға, оның ішінде 642 балаға медициналық қызмет көрсетеді. Өңір әкімі екі нысанды да қарап шығып, шешім алдағы уақытта қабылданатынын айтты.

Қуаныш Амантайұлы