Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында елдегі саяси реформалардың бағыты мен әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі тенденцияларына кеңінен тоқталды. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды» құру жолында қоғамдағы әрбір азаматтың, соның ішінде ірі кәсіпкерлердің де жауапкершілігі ерекше екенін атап өтті. Президент сұхбатында ел байлығының халық игілігіне жұмсалуы маңызды міндеттердің бірі екені айтылды. Мемлекет басшысы шетелдегі және Қазақстандағы ауқатты азаматтардың өмір салтына салыстырмалы талдау жасап, отандық ірі бизнес өкілдерінің қоғам алдындағы әлеуметтік міндетін күшейту қажеттігін жеткізді.

Президент ел тарихында бұрын-соңды болмаған ауқымды су тасқыны кезінде қазақстандық бизнестің белсенділік танытып, төтенше жағдай салдарын жоюға қомақты қаржылай көмек көрсеткенін оң бағалады.Әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылықты ынталандыру мақсатында Мемлекет басшысы «Мейірім» атты арнайы орден тағайындады. Биылдың өзінде қоғамға қолдау көрсетіп, азаматтық ұстанымын айқын білдірген кәсіпкерлер осы жоғары марапатқа ие болады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбаты елдегі саяси реформалардың бағытын айқындап берді. Депутаттың сөзінше, Президент сұхбатында ірі бизнес өкілдерінің қоғам алдындағы міндетіне ерекше назар аударылған.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне интервью берді иә. Ол жерде біздің еліміздегі саяси реформалардың қай бағытта жүретіндегі, сонымен бірге елімздің әлеуметтік-экономикалық даму тенденциясы қандай және ең негізгісі «Әділетті Қазақстанды» құру үшін барлығымыз не істеу қажетпіз деген сұраққа жауап берді деп ойлаймын. Мақаланың ішіндегі ең негізгі мәселе – шетелдегі байлардың жүріс-тұрысы мен Қазақстандағы байлардың жүріс-тұрысына сараптама жасалды. Бүгінгі таңда біздің ірі кәсіпкерлер олар халыққа, елге жұмыс істеуге бейімделуі қажет. Ешқайда ештеңені алып кете алмайсың. Сондықтан, жиған-тергеніңнің біраз мөлшерін халқыңмен бөлісіп, инфрақұрылым салуға, мектеп салуға жұмсасаң ол бүкіл өміріңде сауап болады.

Сарапшылардың пікірінше, Президент көтерген бұл мәселе қоғамда әлеуметтік әділдікті қалыптастыруға бағытталған. Кәсіпкерлердің қайырымдылыққа бет бұруы, әлеуметтік жобаларға үлес қосуы елдің тұрақты дамуына серпін береді.

Фатима Тілейханқызы